Интернет орнату: Ақтөбенің шалғай ауылдарында стационарлық байланыс желілері салынады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ірі байланыс операторлары стационарлық байланыс желілерін салуға кепілдік берді. Бұл үшін бюджеттен қосымша қаржы қажет емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды сапалы интернетпен және байланыспен қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау мәселелері бойынша кеңес өтті. Бүгінде облыстағы 315 елдімекеннің 216-сында 250-ден астам адам тұрады. Сол 216 ауылдың тек 174-і ғана 3G интернет желісіне кең жолақты кабельмен қосылған.

Жыл соңына дейін тағы 16 елдімекен сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі. Ералы Тоғжанов жұмыстың уақтылы орындалуын қатаң қадағалауды тапсырды. Қазіргі кезде 250-ден аса халқы бар 10 ауыл интернетке спутниктік байланыс арнасы арқылы қосылған. Оның қуаты 3G-ге жетпейді.

Тағы 16 ауылда интернет пен ұялы байланыс жоқ. Алайда олардың кейбірі көрші елдімекендердің сигналын ұстайды.

Бұдан өзге, өңірде халқының саны 250-ге жетпейтін 99 ауыл бар. Соның 24 ауылында 3G ұялы байланыс қызметі қолжетімді. Қазіргі кезде сапалы интернетпен және ұялы байланыспен қамтамасыз ету үшін жоба әзірленіп жатыр.

Ірі байланыс операторлары кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін стационарлық байланыс желілерін салуға кепілдік береді. Инфрақұрылымның арқасында ауылдарда жоғары сапалы ұялы байланыс орнайды.

Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев аталған жоба өңірдегі барлық өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін және оны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы қажет емес екенін айтты. Облыс әкімі жобаға оң бағасын беріп, оны жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Осы жоба аясында ауылдық жерлердегі шағын жинақты мектептердегі білім сапасындағы мәселе шешімін табады.

«Шағын жинақталған мектептерде білікті кадрлардың тапшылығы, материалдық-техникалық базасының төмендігі белгілі. Ал мұндай мектептерде бүгінде 14 мың бала білім алып жүр. Мәселені шешу үшін қазір «Білім ал» жобасы әзірленіп жатыр. Аталған жоба аясында өңірдің ең мықты педагогтері шағын жинақталған мектептердің балаларын онлайн режимде оқытады. Ауылдық жерлерде интернет дұрысталмай, білім беру және денсаулық сақтау мәселелері шешілмейді. Сапалы, тұрақты интернет байланысы ауыл тұрғындарының, әсіресе шалғай жатқан ауыл халқының телемедицина арқылы сапалы медициналық қызметтерді алуына мүмкіндік береді. Осыны ескере отырып, жобаны іске асыруда үлкен жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймын. Бастысы ниет болуы керек, сонда барлық мәселе шешімін табады», — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов байланыс операторлары өкілдеріне.

Соңғы жаңалықтар