Интернет қосылатын 5 мың ауыл мен 5G желісі: Қазақстанда цифрландырудың аясы кеңейе түсті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әлемдік коронавирус пандемиясы интернеттің маңызын үйдегі жарықпен теңестірді. Қазір интернеті жоқ үй – өркениеттен ада қалары сөзсіз. Осындай жағдайда ел билігі халықты интернетпен қамту міндетін қаншалықты орындай алып жатыр? Бүгінгі Үкімет отырысында осынау маңызды мәселе қаралған болатын.


Мусин: Жаңа үйге жарық тартылғанындай – интернет те тартылуы керек

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша қазіргі уақытта барлық қалалар және 4 500-ден астам ауыл әр түрлі технологиялар бойынша интернетпен қамтамасыз етілген. Жылдың соңына дейін жалпы 5200-ден астам елді мекен интернетке қосылады. Интернет желісін дамыту үшін елімізде екі ауқымды жоба іске асырылуда. Бірінші жоба: бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі арқылы оптикалық интернетті тарту. Жоба бойынша 2,4 млн адам тұратын 1260-қа жуық ауылға интернет желісі қосылып жатыр. Егер 2018 жылы 56 ауылға оптикалық желі тартылса, биылғы жылы оған 944 ауыл қосылуда.

Министрдің сөзінше, бұл жобаға 75 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған.

«Жоба аясында 3 700 мемлекеттік орган мен бюджеттік мекемелерге байланыс жеткізілді. Екінші жоба - 250 адамнан көп тұрғыны бар 928 ауылды 3G және 4G, FWA технологиясы бойынша мобильді интернетпен қамтуды көздейді. Қазіргі уақытта 72-сі мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Бұл жобаның орындалуы үшін операторлар төлейтін арнайы салық төлемдері төмендетілуде. Тиісті нормалар Мәжілістің екінші қарауынан өтті. Жоба аясында операторлар «Шеринг» шартына қол қойып, бір бірінің базалық станцияларын пайдалана алады», - деді ол.

Бағдат Мусин әкімдерден Жамбыл облысында интернет тартып жатқан инвесторға назар аударуды сұрады.

«Осы екі жобамен шектелмей (мемлекет жүзеге асыратын екі жоба) операторлар оптиканы ауыл үйлеріне тартып жатыр. Мысалы жеке инвесторлар «Транстелекоммен» бірігіп Жамбыл облысында 50 ауылда 10 мыңнан астам үйге тіркелген интернетті тартуда. Басқа өңірлердің әкімдеріне бұл мысалды іске асыруды сұраймыз», - деген министр кей адамдарда радиофобиялық үрей барын да жасырған жоқ.

Мысалы елордадағы «Family Village» кешенінде 2-3 тұрғынның арызы бойынша базалық станция алынып тасталып, интернет өшіп қалған. Одан кейін жақын жерден қайтадан байланыс операторы базалық станцияны орнатуға мәжбүр болыпты.

«Бірақ бүгінгі таңда интернет газ, электроэнергия, су сияқты бірінші қажеттілікке айналғанын ескеру керек. Сол себептен біз біраз заңнамалық өзгерістер жасаудамыз. Атап айтқанда, кондоминимумдерге байланыс нысандарын алып тастауға тыйым салу керек. Жаңа үйлерді пайдалануға беру алдында міндетті түрде оны оптика желісімен қамтамасыз еткен абзал. Сондай-ақ интернеттің жылдамдығы туралы сапа талаптарын бекіткен жөн», - деді министр.

Оның айтуынша жалпы бұл ретте мемлекеттік органның рөлі күшейтіледі.

«Интернет сапасына халықтың бақылауын жүргізу үшін Bailanys.bar қызметі іске қосылды. Қазіргі уақытта оны 50 мыңнан астам адам қолдануда. Сонымен қатар, мемлекеттік бақылау мақсатында 17 жылжымалы өлшеу кешендері сатып алынып жатыр. Соның нәтижесінде халықтық және мемлекеттік бақылаудың деректері бір жүйеге жиналып, ары қарай операторлармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие боламыз. 5G ұялы байланыс стандартын енгізу бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 11 тестік сынақ жүргізілді. Керекті жиілік диапазондарын босаттық. Ары қарай операторларға тарату механизмі қарастырылады. Сонымен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 5G желілері 2022 жылы іске қосылады. Ал облыс орталықтарында 2025 жылға дейін жоспарланып отыр», - деді Бағдат Мусин Үкімет отырысында.

Міндет – ІТ мамандарды дайындау

Министрдің баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы осы жылдың қорытындысы бойынша 5,2 мыңнан аса ауыл — еліміздегі ауыл халқының 99%-ы үшін кең жолақты интернет қолжетімді болатынын жеткізді.

«Интернетке кең жолақты қолжетімділікті дамыту мәселелері еліміздің дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Ауылдарды кең жолақты интернетке қосу жөніндегі биылғы жылға арналған барлық жоспарлар мерзімінде іске асырылады», - деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы әкімдіктерге жабдықтар орнату үшін учаскелер бөлу рәсімдерін жедел жүргізуді, цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, халық саны 250 адамнан аз ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етудің жоспар-кестесін әзірлеуді тапсырды. Премьер-Министр мектеп оқушылары мен студенттерді қашықтан оқытуға байланысты өте өзекті болып отырған интернет сапасын едәуір арттырудың маңыздылығын атап өтті. Ол үшін техника сатып алынуда, байланыс және интернет қызметтерінің сапасын бақылауға арналған барлық ресурстар бар.

«Әрбір тұрғын үй мен ұйымда орналасқан жеріне қарамастан, сапалы интернет пен байланыс болуы керек. Сондықтан нақты талаптарды белгілеп, тиісті жабдықты орнату мәселелерін пысықтау қажет. Цифрлық даму министрлігі индустрия министрлігімен бірлесіп, аталған мәселелер шешілуі тиіс», - деді Асқан Мамин.

Премьер-Министр өз сөзінде жауапты министрліктерге нарықтың қажеттігіне байланысты ІТ-мамандарды дайындауды тапсырды.

«Жоғары технологиялы шешімдердің дамуымен электронды салада – денсаулық сақтау, білім беру, электронды үкімет қызметтері саласында, 4.0 индустрияда және жасанды интеллектте цифрлық құзыреттерді дамыту өзекті бола түсті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Білім және ғылым министрлігімен, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, нарықтың әлеуетті қажеттігіне байланысты ІТ-мамандарды дайындау мәселелерін пысықтасын», - деп түйді ол.

https://kaz.inform.kz/news/askar-mamin-naryk-kazhettigine-say-it-mamandardy-dayyndaudy-tapsyrdy_a3700597


Соңғы жаңалықтар