Интернет кино нарығында әділдік орната бастады – New York Film Academy грантын алған маңғыстаулық

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Былтыр Аустралиядағы қысқаметражды фильмдер байқауында туындысы үшінші орын алған қазақстандық студент пандемия салдарынан АҚШ-тағы оқуына жете алмай жүр. Маңғыстаулық жас режиссер коронавирус пандемиясы жоспарын түбегейлі өзгерткенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен Қазір Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің үшінші курс студентімін. NYFA (New York Film Academy – ред.) грантын 2019 жылдың тамыз айында жеңіп алғанмын. 2020 жылдың мамыр айында Америкаға оқуға баруым керек еді. Бүкіл әлемде коронавирус індеті өршіп, шектеулерге байланысты жете алмай жүрмін. NYFA да қайта-қайта шақыру жіберіп жатыр. 2022 жылдың маусым айында барамын деп жоспарлап отырмын», - деп бастады ол әңгімесін.

Маңғыстау өңірінің тумасы Барлық Мұңалбайұлы өз ортасының назарын Аустралияда алған жүлдесімен аударған болатын.

«MyRoodReel» деп аталатын халықаралық қысқаметражды фильмдер байқауында оның ағаш шебері туралы туындысы үшінші орынға ие болған еді.

Ақтау қаласындағы «Дарын» мектебінің түлегі жастайынан кино саласына әуес болып өскенін айтады.

2019 жылы New York Film Academy ұйымдастырған байқауға қатысып, грантты сол кезде ұтып алған екен.

Ата-анасының қолдауының арқасында ғана осындай жетістікке қол жеткіздім деп есептейді.

«Отбасымызда бес адамбыз. Әкем, анам, ағам, мен және қарындасым бар. Әкем де, анам да - мемлекеттік қызметшілер. Өзімнің сүйікті ісім – осы фильм түсіру. Әке-шешем үнемі қолдап, фильм түсіруге мүмкіндігінше құрал-жабдықтарымды алып беріп отырды. Соның арқасында арманыма сенімді қадам басып келемін», - дейді жас режиссер.

Барлық кейінгі жылдары қысқаметражды фильмдер нарығы You Tube алаңында жақсы дамып келе жатқанын айтады.

«Көбіне оң тенденцияларды байқаймын. Қазір AiTube арқылы қазақша платформа жақсы дамып жатыр. Бұрын кино саласында жетістікке жету үшін түрлі баспалдақтардан өту керек болатын. Қазір жүрегінде оты бар кез келген әуесқой кәсіпқойлармен бәсекеге түсе алады. Интернет бұл тұрғыдан кино нарығына әділдік орнатып жатыр деуге болады. Елімізде өте әдемі жерлер көп. Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, өлкеміздің табиғатын насихаттап, туризмді дамытуға бағытталған фильмдер түсірмекшімін. Жалпы болашақта фильм түсіруден кәсіпқой маман болуды армандаймын», - деді маңғыстаулық жігіт.


Соңғы жаңалықтар