Интернет кеңістігін мониторингілеу күшейтіледі
2022 жылғы 12 қаңтар 12:42

Интернет кеңістігін мониторингілеу күшейтіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Интернет кеңістігін мониторингілеу күшейтіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Умаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік өз құзіреті аясында азаматтардың радикалдануына жол бермеу және дінді деструктивті мақсатта пайдалануын болдырмау үшін діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған жұмыстарды ұйымдастырды. Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жалпы профилактикалық сипаттағы, сондай-ақ радикалды идеологияға тарту тәуекелі бар халықтың нысаналы топтары арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын қолға алды. Әлеуметтік желілерге назар аудара отырып, радикалды діни идеалогияның алдын алу және қарсы насихаттау бойынша ақпараттық алаңда белсенді жұмыс жүргізілуде. Деструктивті және радикалды көзқарастарды ұстанушыларды дәстүрлі ислам арнасына қайтару мақсатында министрлік арнаулы құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, оңалту жұмыстарын жүргізуде», - деді Асқар Умаров.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы белгілеген тапсырмаларды іске асыру аясында жастар, жұмыссыздар және өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар, діндарлар, деструктивті діни ағымдардың жақтаушылары сияқты азаматтардың неғұрлым осал топтарымен атаулы ақпараттық түсіндіру жұмысы күшейтілгенін атап өтті.

«Интернет арқылы халықтың радикалдануына жол бермеу мақсатында радикалды діни контентті анықтау, оның алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік желілерде, әсіресе, жастар арасында діни экстремизмді қарсы насихаттау тұрғысында интернет кеңістігінің мониторингін күшейтіледі және әлеуметтік желілерде радикалды топтар мен қоғамдастықтардың қазақстандық жазылушыларымен атаулы жұмысқа назар аударылады. Деструктивті діни ағымдарды ұстанушылармен, оның ішінде «Жусан» арнаулы операциясы аясында террористік белсенді аймақтардан қайтарылған әйелдермен оңалту жұмысы одан ары жалғасады», - деді министр.


Jańalyqtar

MURAǴAT