Интернет арқылы жұрттың ақшасын жымқырған Петропавл тұрғыны ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласының тұрғыны интернетте «Бурабайдың шипажайына орналастырамын» деп жалған хабарландыру беріп, алдын ала төлем жасату арқылы жұртты алдаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, интернет-алаяқтар алдаудың жаңа түріне көшкен. Олар тауарлар мен қызметтер туралы жалған хабарландырулар орналастырып, алдын ала төлем сұрайды. Алаяқтар халықтың маусымдық қажеттіліктерін пайдаланған.

«Жарнамалық хабарландырулар сайтында Бурабай шипажайында демалу үшін үйді брондау туралы хабарландыру орналастырылған. Клиенттерге 15 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасау қажет екені айтылған. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны хабарландыруда көрсетілген Qiwi-әмиянға ақша жіберген. Өзінің алданғанын тек «фирмаға» қоңырау шалып, көрсетілген мекенжайға баратын бағытты нақтыламақ болғанда түсінген. Сан соғып қалған әйел полицияға хабарласты. Алаяқтың Петропавл қаласында тұратындығы анықталды», - дейді баспасөз қызметкерлері.

СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіні анықтады. Ол облыс орталығында тұратын 41 жастағы әйел болып шықты. Аталған факті ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 2-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тәртіп сақшылары қала тұрғынының осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

«Күмәнді көрінетін хабарландыруларға назар аудармаған жөн. Интернетте автобөлшектер, тұрмыстық техника, баспана да сатылуы мүмкін. Алаяқтар кей кездері психологиялық әдістерді де қолданады. Мерзімі аяқталуға жақын акциялар туралы айтып, клиентке тез арада шешім қабылдауды ұсынады.

Жақында облыста интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болуы мүмкін. Бұл еліміздің басқа өңірлерінде қолданыла бастады. Қаскөй әлеуметтік желілерде медициналық көмекке зәру, шұғыл операцияны қажет ететін азаматтар туралы хабарландыруларды іздейді. Науқастың жақындарына хабарласып, дәрігерлермен тіл табыса алатынын, ота жасауды ұйымдастыруда көмектесуге дайын екенін айтады. Кейін емдеу курсын ұйымдастыру үшін дәрігерлермен сөйлесуге кеткенін айтып, медициналық ем-дом шараларын төлеу үшін қажетті соманың бір бөлігін жіберуді сұрайды. Ақша қолына тиген соң, байланысқа шығуды қояды», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Марат Жұмалиев.

СҚО полицейлері жыл басынан барлығы интернет-алаяқтықтың 30 фактісін ашты.

Соңғы жаңалықтар