Интернет арқылы есірткі сатумен байланысты 77 қылмыстық іс қозғалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері ақпарат ресурстары арқылы есірткі сату фактісі бойынша 77 қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ақпарат алаңында өткен брифингте Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиев айтты.

«Былтырғы 10 қаңтарда заңнамаға есірткі қылмысы бойынша электронды-коммуникациялық жүйені пайдалана отырып әрекет ету санаты енгізілді. Қылмыстың бұл құрамы есірткі сату, есірткі әзірлеуге қажет өнімдердің айналымын ұйымдастыру, есірткіге тәуелді ету баптарына да енгізілді. Бұл қылмыстар «ауыр» және «аса ауыр» санатқа жатқызылды», - деді ІІМ өкілі.

Оның айтуынша, аталмыш қылмыстардың жазасы да ұзақ мерзімдерді көздейді.

«Жыл басынан ақпарат ресурстарын қолдану арқылы есірткі сатудың 77 фактісінің жолы кесілді. Сондай-ақ, қылмыстық кодекске заңсыз жараман орнату бойынша жаңа бап енгізілді. Бұл қылмыс үшін 3-тен 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көделген. Осындай қылмыс бойынша қазірдің өзінде 90 қылмыстық іс өндірісте жатыр», - деді Берікхан Нұрғалиев.
Соңғы жаңалықтар