Интернет арқылы бірнеше рет алаяқтық жасаған қылмыстық топ ұсталды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Интернет арқылы бірнеше алаяқтық жасаған 15 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Олар – Қазақстан мен Ресей азаматтары, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтын сілтеме жасап.

13-22 маусым аралығында өз пәтерін сатқан Алматы тұрғыны алаяқтардың арбауына ұшырайды. Ол бірнеше траншпен сатылымнан түскен 23 млн теңгені алаяқтардың шоттарына аударған. Алданып қалғанын түсінген жәбірленуші 24 маусымда құқық қорғау органдарына жүгінді. Аталған фактіге байланысты Алматы қаласы Алмалы ауданының ПБ Қазақстан Республикасы ҚК 190-бабының 4-бөлігінде (Аса ірі мөлшердегі алаяқтық) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.

ІІМ Криминалдық полиция департаменті мен Алматы ПД аса тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында алаяқтық әрекеттерде Қазақстанның әртүрлі қалаларында тұратын жалған тұлғаларға ресімделген 10-ға жуық банк карталары пайдаланылғаны анықталды.

Қазақстан Республикасы ІІМ киберқылмыспен күрес бөлімшесінің жедел уәкілдері Павлодар облысы және Алматыдағы әріптестерімен бірге Қазақстан мен Ресейдің 15 азаматынан құралған қылмыстық топты ұстады. Бесеуіне қатысты «қамауға алу» бұлтартпау шарасы таңдалды.

Ұсталған топ мүшелерінің интернеттегі алаяқтықтың алты эпизодына ықтимал қатыстылығы анықталды. Келтірілген шығын 106 миллион теңгеден астам.



Соңғы жаңалықтар