Интернет-алаяқтық жасағандарға қатысты жаза күшейеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Интернет желісі арқылы алаяқтық жасайтындарға қатысты қолданылатын жаза қатаңдатылады. Ашық талқыға шығарылған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасында осылай жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – мүлкі тәркіленіп, 3 000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - деп көрсетілген құжатта.

ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына (Алаяқтық) жаңа редакциямен «Интернет желісі» термині енгізілген. Яғни, алдағы уақытта интернет-алаяқтарға да жоғарыда аталған жаза қолданылмақ.

Айта кетейік, қазір алаяқтық жасағандарға 1 000 АЕК айыппұл салынады немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Ал ұсынылып отырған өзгеріс бойынша енді айппұл көлемі 1 мыңнан 3 мың АЕК-ке дейін көбейеді және түзету жұмыстарының уақыты 600-ден 800 сағатқа дейін ұзарады.

Құжатты ашық талқылау 23 қаңтарға дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар