Интернет-алаяқтық, жалған компаниялар мен Алматы облысында жиілеген көлік апаты – ІІМ қандай шара қолдануда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылы Қазақстанда 20 мыңнан аса интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Сонымен қатар, жалған инвестициялық компанияларға салым жасаған тұрғындар жинақтары мен дүние-мүлкінен айырылған. Бұл мәселелер бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен апталық брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін елімізде шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталды

Брифинг шетелдік көліктерді заңдастыру мәселелерінен басталды. Айта кетейік, Қазақстан азаматтары шетелден әкелінген жеңіл, шағын және сыйымдылығы орта автобустар, шағын жүк көліктері, сондай-ақ рулі оң жақта орналасқан көліктерді заңдастыра алады.

Ережеге сәйкес, көлік Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген, қылмыстық есепте тұрмаған, басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болуы тиіс. Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден әкелінген автомобиль кедендік тексерістен өткен болуы керек. Заңдастыру 1 шілдеге дейін жалғасады.

Өтінішті е-gov.kz электронды үкімет порталы, екінші деңгейлі банктердің қосымшалары және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы беруге болады.

Интернет-алаяқтық: Былтыр 20 мыңнан аса қылмыс тіркелді

Ішкі істер министрлігінің брифингісінде Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Оразалиев былтыр республика бойынша анықталған интернет-алаяқтық фактілеріне тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы алаяқтарға алданып қалған азаматтар тарапынан түскен арыздар негізінде 20 444 қылмыс тіркелген.

«Киберқылмыстардың басты ерекшелігі мен бар қиындығы – оның халықаралық байланыс желісі арқылы қашықтық талғамай, мемлекетаралық шекараларды «аттап» кететіндігінде болып тұр. Оның үстіне компьютерлік қылмыскерлер іс-әрекетке барар кезде аты-жөні мен жұмыс орнын, компаниясын бірнеше рет өзгертіп, мың түрлендіретін арнайы бағдарламаларды қолданады. 2022 жылы жалпы ел бойынша 20 444 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 4%-ға төмен», - деп мәлім етті министрлік өкілі.

Оның дерегінше, интернет-алаяқтық қылмыстары мына өңірлерде көп тіркелген:

- Астана - 4397 факті;

- Алматы - 2284 факті;

- Қарағанды облысы - 1786 факті;

- Шығыс Қазақстан облысы - 1309 факті.

Арман Оразалиевтің сөзінше, интернет қылмыстың үштен бірі онлайн-сауда кезінде жасалады. Әдетте, алаяқтар әлеуметтік желілер мен сайттарда жарнамаларын орналастырады.

«Біріншіден, тек қана тексерілген жарнама сайттарын пайдалану керек. Екіншіден, тауарды қолға алғаннан кейін ғана төлем туралы келісу қажет. Сатушының түрлі нұсқауларына көнбеңіз. Үшіншіден, тауардың бар екеніне міндетті түрде көз жеткізу қажет. Егер сатушы басқа қалада болса, сол қалада тұратын таныстарыңызды немесе туыстарыңызды тауарды тексеріп, алып жіберуді сұраңыз», - деп ескертті ол.

Дегенмен өткен жылы 1 750 қазақстандық алаяқтарға алданып, жалған инвестициялық компанияларға ақша салған.

«Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде, жалпы ғаламтор желісінде ұлттық компаниялардың атынан инвестиция салымдары туралы хабарландырулар таралуда. Сонымен қатар, азаматтар осы алаяқтық инвестицияларға ақшаларын көбейту үшін несиелер рәсімдеген. Мысалы, 16 қаңтарда елорда тұрғыны полицияға жүгінді. Ол жұмыс істемейтін инвестициялық компанияға 20 млн теңге салып, өз ақшасынан және пәтерінен айырылып қалған», - деп мәлім етті Арман Оразалиев.

Полиция өкілі инвестициялық салым жасау туралы шешім қабылдамас бұрын, интернетте орналасқан компаниялардың ресми өкілдеріне хабарласу қажет екенін атап өтті.

«Қазақстанда инвестициялық компаниялардың қызметін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің атынан уәкілетті орган реттейді. Брокерлік немесе дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың лицензиясының болуын ресми «GOV.KZ» сайты арқылы тексеруге болады. Қазіргі таңда Қазақстанда 38 брокер қызмет көрсетуде. Сондықтан кез келген сайттарда шығатын жарнама сілтемелерге кіріп дербес деректерді енгізуге болмайды», - деп тоқталды Арман Оразалиев.

Сондай-ақ, ІІМ қоңырау шалып, инвестиция салуға сендіретін белгісіз адамдардың телефон нұсқауларын орындамауға шақырды.

«Мен банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалып тұрмын...»

Алаяқтықтың кең таралған тәсілі - бұл, банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атын жамылып жасалатын заңсыз әрекеттер. Жыл басынан бері осындай әдіспен жасалған 3 500 қылмыс тіркелген.

«Бұл қылмыста алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған арнайы сервистерді пайдаланады. Өздерін құқық қорғау органдарының және банк қауіпсіздік қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар банктің қызметкерлерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын, шоттағы күдікті операциялар немесе несие алуға әрекет туралы хабарлайды. Осындай жағдайда ең бастысы сөйлесуді тоқтатып, өз банкіңізбен хабарласыңыз. Мысалы, кеше ғана Қостанай қаласының тұрғыны алаяқтардың нұсқаулығымен бір күнде өз басына екі банктен 8 млн теңге кредит рәсімдеген», - деп атап өтті Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары.

Ішкі істер министрлігі IP-телефонияны пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық фактілерінің өсуіне байланысты Цифрлық даму министрлігі және байланыс операторларымен бірлесіп, фрод-қоңырауларды бұғаттау бойынша техникалық шаралар қабылдаған. Мәселен, өткен жылдың маусым айында телефон арқылы жасалған 573 алаяқтық фактісі тіркелген болса, қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны 5 есе немесе 105 қылмысқа дейін азайған.

Бұған қоса, криминалдық полиция мен тергеу департаменті бірлесіп, «Киберпол» пилоттық жобасын іске қосқан. Ол басқа мемлекеттік органдармен, қаржы мекемелерімен және жеке сектормен өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған.

«Қазіргі уақытта киберқылмыстар бойынша басты мәселе - ол ақшаны қолма-қол аударумен айналысатын азаматтар. Олардың арасында біздің отандастарымыз да, ТМД азаматтары да бар. Олар банк карталарын іздеумен және рәсімдеумен, сондай-ақ алаяқтық схемаларды ұйымдастырушыларға ақша аударумен айналысқан. Азаматтар банк карталарын ресімдеп, сатқан фактілері де анықталды. Барлық осындай фактілерге құқықтық баға берілетінін ескерткім келеді», - деп түсіндерді Арман Оразалиев.

Жол қауіпсіздігі – ІІМ іске қосқан жобалар

Өткен жылы Алматы облысы аумағында 1 700-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда 2 369 адам зардап шегіп, 300-ден астам адам қаза тапқан. Оның ішінде 30 бала бар. Осыған байланысты аталған өңірде «Жол қозғалысының қауіпсізігі» жобасы іске қосылды.

«Қазірдің өзінде әр ауданда прокуратура, полиция, әкімдік қызметкерлері мен қоғам қайраткерлерінен мобильді топтар құрылып, жолдардың проблемалық учаскелерін анықтап, оларды жою бойынша мақсатты шаралар жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері жолдар мен жол желілеріне 1 270 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 1276 ұйғарым шығарылды. Жолдарды күтіп ұстау талаптарын орындамағаны үшін 164 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. Қауіпті аймақтарға 29 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды», - деп атап өтті министрліктен.

Сонымен қатар, өткен аптада Таразда тестілік сынақтардан кейін «Сергек» камералары іске қосылды.

«16 қаңтардан бастап 48 аппараттық-бағдарламалық кешен қаланың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оның 35-і желілік учаскелерде және 13-і қиылыстарда орналасқан. Жүйе жылдамдық режимінен асып кету, бағдаршамның тыйым салу сигналына өтуін және жол таңбалау желілерінің бұзылуын тіркейді. Тіркеу автоматты режимде жүреді және полиция қызметкері тексергеннен кейін құқық бұзушыға жіберіледі», - деп атап өтті министрліктен.

Ведомство дерегінше, көлік жүргізушілері хаттаманы «erap-public.kgp.kz» және «egov.kz» сайттарынан немесе «Kaspi» мобильді қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінен көре алады.


Соңғы жаңалықтар