Интернет-алаяқтар алматылықтың атына 7,2 млн теңге несие рәсімдеген

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полицейлері интернет-алаяқтыққа қатысы бар күдіктілерді анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Наурызбай ауданының тұрғыны алаяқтардың құрбаны болды. Оған бейтаныс адам қоңырау соғып айласын асырған.

«Қоңырау шалған азамат өзін екінші деңгейлі банктердің бірінің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстырып, белгісіз біреулер оның атына несие рәсімдемек болып жатқанын айтқан. Әңгімелесуші жәбірленушіні оған көмектесетініне бірден сендірді, бірақ оның нұсқауларын бұлжытпай орындауды талап етті. Алдымен «банк қызметкерінің» талабы бойынша жәбірленуші телефонына күмәнді қосымшаны жүктеп алған, бұл алаяқтарға оның мобильді банкингіне қашықтықтан қол жеткізуге мүмкіндік берді. Одан әрі әңгімелесушінің кеңесімен телефонына екінші деңгейлі тағы үш банктің қосымшасын жүктеп алған. Осылайша, олар жәбірленушінің атына 7,2 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Полиция өкілінің сөзінше, аталған қылмысты ашу үшін қалалық криминалдық полиция және Наурызбай аудандық ПБ-ның қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырмақ болған 29 және 34 жастағы екі азамат ұсталды және қамауға алынды. Қазіргі уақытта алаяқтықтың басқа қатысушыларын ұстауға бағытталған кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Дидар Аханов ҚР ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайтынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар