«INTERFOOD» сауда үйі көгерген тауық етіне қатысты түсініктеме берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «INTERFOOD» сауда үйі әлеуметтік желіде жарияланған көгерген тауық етінің суретіне  қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұтынушы Майра Сейілжанова (аты-жөні өзгертілген) Іnstagram желісінің zhest_kz паблигінде 2018 жылғы 1 шілдеде көгеріп кеткен тауық етінің суретін жариялаған болатын.

«Бүгін Абай көшесіндегі Promenade сауда үйінде болдық.  «INTERFOOD» супермаркетінде осымен екінші рет көгерген, сасыған тауық етін көріп тұрмыз. Мұздатқыш түгел сасып кеткен. Осыдан бір апта бұрын осы өнімді көрсетіп кеткенмін қызметшілерге. Бір аптадан соң қайтып келсек, түк өзгермеген. Тура сол өнім сол күйінде жатыр. Датасын жаңартып қойған», - деді жазба авторы.

Тұтынушы жазба астына аталған өнімнің суретін жариялаған.

ҚазАқпарат тілшісі аталған жазбаға байланысты «INTERFOOD» супермаркеттер желісі басшылығына арнайы сауал жолдаған болатын. Сауда желісі мұндай деректің болғанын растады.

«4-шілдеде кешкі 19:00-де  «INTERFOOD» сауда үйінің екі ауысымының да қызметкерлері мен арыз түсірген тұтынушы шақырылды. Кездесу кезінде клиенттер ескерту жасап кеткен қызметкерлерді таныды. Қызметкерлер ақпаратты жасырып қалған. Сол күні жойылуы тиіс тауарлардың арасынан суреттегі тауықтың еті табылды. Алайда ол клиент айтқандай көгерген, болмаса сасық емес. Бұл өнім негізі мерзімі өтуіне байланысты жойылуға жіберілуі тиіс болатын», - деді сауда желісінің маркетинг және электронды коммерция бөлімінің басшысы Анна Беляева.

Олар жойылуы тиіс тауық етінің негізгі салқындатылған тоңазытқыштан қалай табылғанына аң-таң.

«Осы деректі анықтау үшін барлық камералардағы видео тексерілді. Алайда, нақты кімнің бұл өнімді әкеліп қойғаны анықталмады», - деді ол. Дегенмен, олар өнім сыртындағы жарамдылық мерзімінің өзгертілмегенін айтты.

INTERFOOD супермаркеті қырағылық танытқан клиенттерге алғыс айтып, өтемақы ретінде сыйлық берген.

Сонымен қатар, барлық лауазымды тұлғаларға айыппұл салынды.

Айыппұл сомасы ескерту жасаған клиентке өтемақы ретінде берілетін болады.

Ал қалалық Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің мамандары айтқандай, жыл басынан бері Алматыда 28 адам сапасыз азық-түлік сатып алғанын айтып, шағымданған.

ҚР ДСМ 2010 жылғы 24 қыркүйектегі «Тез бұзылатын азық-түлікті сақтаудың санитарлық эпидемиологиялық талаптары» бұйрығына сәйкес мұздатылған құс еті -18 температурасында 20 тәулік, ал салқындатылған құс еті газ ортасы бар вакуум ыдыста +2-+6 грдус арасында 7 тәулік сақталуы тиіс.

Айта кету керек, бұл оқиға бірінші рет кездесіп отырған заң бұзушылық емес. Сауда орны бұрын да осындай олқылығы үшін айыппұл төлеген.

«2016 жылы аталған сауда үйінде тағы бір заң бұзушылық тіркелген болатын. Мұнда 9 сынама жасалып, «Аллель Агро» ЖШС «Бойлер балапаны» өнімі дайындау мерзімінсіз сатылып келгені анықталды. Осыған байланысты әкімшілік сотында 2017 жылы қарашада 1 060 500 айыппұл салынған болатын», - деді қалалық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің өкілі Қарлығаш Әлібаева.

 

Соңғы жаңалықтар