Институт бітіруші курсанттар 100 шақырымдық әскери жорыққа шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Құрлық әскерлері Әскери институты бітіруші курсының курсанттары өздерінің мамандықтары бойынша далалық практикалық сабақтардан өтті, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Болашақ офицерлер іс жүзінде алған теориялық білімдерін пысықтап, әскери техниканы басқара алу шеберліктерін паш етті және су бөгеттерін ұрыс машинасымен еңсерудің барлық мүмкіндіктерін зерделеді.

Құрама экипаждар құрамында олар жаяу әскердің жауынгерлік машиналары мен Т-72 танктерінде 100 шақырымдық марш жасады. Арнайы ол үшін әскери институттың оқу-жаттығу орталығында көрсетілім сабақтары ұйымдастырылды.

Курсанттар жауынгерлік машиналарды жүргізу, күрделі жағдайда маневрлеу, әртүрлі кедергілерді еңсеруде табандылық пен батылдықты паш етті.

«Маршты ұйымдастыру мен өткізуді зерделеу кезең-кезеңімен өтеді. Бірінші курста курсанттар бөлімше командирінің жұмысы деңгейінде, екінші және үшінші кезеңде взвод және рота командирі деңгейінде қажетті мәселелерді зерделейді. Болашақ офицерлер 100 шақырымдық маршты оқытудың соңғы төртінші курсында батальон командирі ауқымында өткізіледі», - деді Құрлық әскерлері Әскери институты оқу бөлімінің бастығы подполковник Жәнібек Сарғазин.

Практикалық сабақтар оқып-үйренушілердің тактикалық, атыс және әдістемелік машығын арттыруға ықпал ететінін, ұрысты ұйымдастыру мен жүргізудегі қабілеттерін жетілдіретінін айта кеткен жөн. Курсанттар әскерлерге қызмет етуге жоғары деңгейдегі кәсіби дайындықпен, офицерлер үшін қажетті білім және дағдымен аттанады.

Соңғы жаңалықтар