Инстаграм аккаунтыңызды қалай танымал етуге болады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінде Instagram әлеуметтік желісі қарқынды дамып келе жатыр. Ол әлемде ең көп адам тіркелген әлеуметтік желілердің бірі. Мәселен, соңғы деректерге сүйенсек, қазіргі таңда оның 2 млрд-қа жуық қолданушысы бар.

Instagram әлеуметтік желісі 2010 жылы пайда болды. Бастапқыда адамдар арасында қарым-қатынас жасау мақсатында құрылған бұл платформа қазір бизнесті, жеке брендті дамытуға, танымал болуға мүмкіндік беретін алаңға айналып отыр. 2015 жылдан бастап ол бизнес көзіне айнала бастады. Statista аналитикалық компаниясының зерттеуіне сәйкес, 2019 жылдың қазан айында белсенді қолданушылар саны бойынша әлемдегі ең танымал әлеуметтік желілер тізімінде бірінші орынға шыққан. Instagram желісінде минутына 2,5 млн лайк басылады.

Осы тұста Instagram парақшаңызды танымал етудің түрлі жолдарын ұсынамыз.

Парақшаны безендіру

Ең алдымен, өзіңізге қатысты мәліметтерді мұқият, қызықты етіп толтыру керек. Өйткені парақшаға көз салған адам сіздің кім екеніңізге назар аударады. Мұны аккаунттың «визит карточкасы» десек те болады. Сол себепті немен айналысатыныңызды, кім екеніңізді бір-екі сөзбен жеткізуіңіз қажет. Төмендегі кеңестерді қолдана отырып, парақшаңызды дұрыс толтыра аласыз.

- аватар (парақша иесінің суреті немесе ұйымның логотипі);

- профиль атауы (аты-жөні немесе ұйымның атауы);

- парақша сипаттамасы (Мен кіммін? Немен айналысамын? Блогта не туралы жазамын? Оқырмандарға не ұсына аламын? Бұл сауалдарға жауап беруге арналған символ саны шектеулі, тек 150 таңба ғана. Сондықтан нақты жауап беру қажет);

- сілтеме (сайтқа, басқа әлеуметтік желілерге немесе мессенджерге белсенді сілтемелер). Көп сілтемелерді жасауға болатын Taplink қызметін де қолдануға болады;

- батырмалар (нөмір, пошта, деректерді көрсете отырып, сізбен байланысқа шығу құралдарын көрсету);

Профиль сипаттамасы ақпараттық, визуалды тұрғыдан тартымды, қысқа және түсінікті болуын есте ұстаған жөн. Instagram профиліңізге кірген адамның көзі сауатты әрі тартымды жасалған дизайнға, суреттерге бірден түседі. Басты назар аударатын мәселе – профиліңізге қойылатын аватардың сапасына мән беру. Блог және жеке парақша үшін – жеке фотосурет, компания немесе бренд үшін - компания логотипін ойластыру керек.

Блог тақырыбын таңдау

Instagram әлеуметтік желісіне толықтай ену үшін ондағы қағидалар мен ережелердің түрлерімен таныс болу маңызды. Ең алдымен, қандай тақырыптарда жазатыныңызды анықтап алу керек. Бұл өз тәжірибеңізді көрсетуге, жазылушылар арасында сенім деңгейін арттыруға, жеке брендпен жұмыс істеуге, өнімдер мен қызметтерді жылжыту үшін өте қажет. Нәтижеге жету үшін көрнекі материалдар, мәтіндер және сапалы суреттер мен видеолар бойынша күнделікті жұмыс істеу керек. Блог тақырыбын мақсатыңызға байланысты ойластырыңыз. Таңдаған тақырыбыңыз сіз үшін және сіздің аудиторияңыз үшін қызық болуы қажет. Болашақта профиліңізде қандай жазылушыларды көргіңіз келетіні туралы да ойлану керек.

Мақсатты аудиторияны зерттеу

Сіздің оқырмандарыңыз, сізді бақылайтын адамдар - сіздің мақсатты аудиторияңыз. Мақсатты аудиториямен жақынырақ танысу сізге қызықты контент жасауға мүмкіндік береді. Ал қызықты контент оқырмандар санын көбейтіп, сіздің парақшаңыздың танымалдығын арттырады. Мақсатты аудиторияның маңызды параметрлері бар. Олардың жынысы, жасы, елі және тұратын қаласы, интернетте өткізетін уақыты мен қызығушылықтары арқылы аудиторияңызды біле аласыз.

Мақсатты аудиторияны анықтаудың 3 қарапайым әдісі:

· Сауалнама жүргізу («Instagram-ға қаншалықты жиі кіресіз? Қай қаладансыз?» деген секілді сауалдарды қоя аласыз)

· Белсенді аудиторияны талдаңыз. Аудиторияңыздың кімге жазылғанын анықтаңыз (ұқсастықты анықтау)

Соның ішінде, сіздің нишаңызбен ұқсас тақырыптары бар блогтарды тауып, оларды мұқият зерттеу де маңызды. Мәселен, егер сіз шаштараз қызметін алға жылжытқыңыз келсе немесе сұлулық туралы жазғыңыз келсе, онда осындай қызметтерді ұсынатын шеберлердің блогтарымен танысыңыз. Сонымен қатар негізінен сұлулық индустриясы туралы жазатын парақтарды да талдауыңыз керек. Мәселен, егер фитнес жаттықтырушысы болсаңыз, дене мүшелеріне арналған әртүрлі жаттығуларды тұрақты жазба мен бейне форматында ұсынсаңыз болады.

Аудиториямен қарым-қатынас құру

Инстаграмда әр жазылушының сұранысын уақытылы қанағаттандыру арқылы нәтижеге тез жетуге болады. Сол үшін жазылушылармен жақын қарым-қатынас құрыңыз. Direct-те келген хабарламаларға тез әрі нақты жауап беріңіз. Әр посттың соңында сұрақтар қойып, пікір алмасуға шақырыңыз.

Пайдалы мәтін жазу

Сіз жазған мәтін оқуға оңай әрі өзекті болуы керек. Кез келген фото-бейненің мәнін ашатын мәтін адамның қызығушылығын тудырады. Мәтінді дұрыс жазу үшін келесідей қарапайым қадамдарды жасау керек:

- Қысқа әрі түсінікті етіп жазыңыз (2200 таңбаға дейін);

- Елең еткізетін тақырып қойыңыз;

- Жариялау үшін дұрыс уақытты таңдаңыз;

- Мәтіндердің арасын ашып, абзацтарға бөліңіз;

- Бір жазбаның астында бір ғана тақырыпты қозғаңыз;

- Хэштегтерді тақырыпқа сай дұрыс қолданыңыз (3-5 хэштег);

- Жазылушыларды байланысқа шақырыңыз.

Оқырмандардың қызығушылығын арттыру үшін өзіңізге қызықты тақырыптарды таңдап алып, солар туралы пайдалы контент жасаңыз.

Хэштегтерді пайдалану

Хэштег - контентті санаттарға бөліп, оны аудиторияға біріктіріп ұсыну үшін қолданылады. Бұл – аудиторияны кеңейтудің жақсы тәсілі. Егер парақшаңыздың әлеуметтік желілерде танымал болуын қаласаңыз, басқа әлеуметтік желілердегі Instagram парақшаңыз туралы айтып, әңгімелер жазыңыз (геолокация мен хэштегтерді, аккаунттарды белгілеу арқылы танымалдығын арттыра аласыз).

Парақшаңызды жарнамалау тәсілі

Инстаграмдағы таргетинг жарнамасы – қазіргі заманның кез келген бизнесмені үшін өз брендін мақсатты аудиторияға жеткізудің және кәсіпті алға жылжытудың жаңа құралы. Таргетинг – бұл барлық интернет пайдаланушыға белгілі критерийлер бойынша (мысалы, жасына, тұрғылықты жеріне, жынысына қарай) мақсатты аудиторияны таңдауға және ең жақсы жарнама тиімділігіне қол жеткізу үшін өз өнімін жарнамалауға мүмкіндік беретін маркетингтік тетіктің бірі. Тек жазбалар мен аккаунттарды ғана емес, жаңа өнімдер мен іс-шаралардың анонстарын жарнамалауға, оны көп адамның көруіне және жаңа жазылушылардың келуіне мүмкіндік береді.

Instagram-да жарнаманы іске қосудың екі жолы бар: профильдегі жазбаларды инстаграмның ішінде жарнамалау немесе Facebook жарнама кабинеті арқылы жарнама жасау. Профильдегі жазбаларды жарнамаға жіберу оңай және оны кез келген инстаграм қолданушысы істей алады. «Жазбаны жарнамалау не жылжыту» батырмасын басып, қажетті параметрлерді таңдау керек. Бірақ бұл тәсілмен жарнама берудің өзіндік шектеулері бар, тек аккаунтта жарияланған жазбаларды жарнамалау мүмкін. Аталмыш әдіс аз уақыттың ішінде көп қаралым жинауды қалайтындар үшін ыңғайлы. Алайда сайттар, тауарлар және басқа да ішкі ресурстарды жарнамалау үшін тиімсіз. Ал Facebook жарнама кабинеті арқылы Instagram-дағы жарнама орнату әрбір бизнес-профильге көптеген мүмкіндікті ұсынады. Бұл тәсілмен жазылушыларды тартуға, сайтқа трафикті арттыруға, дүкендегі тауарларды сатуға болады. Жоғарыда көрсетілген пайдалы ақпараттарды дұрыс қолдану арқылы парақшаңызды танымал ете аласыз.


Соңғы жаңалықтар