Инспекторлар браконьерлерге оқ атуға неге қорқады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Оxотзоопром» РМКК бас директоры Ерзат Әлзақов инспекторлардың браконьерлерге қарсы қаруды қолдану псиxологиясы туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен өзім оларға ылғи айтамын, қорықпаңдар, қаруды қолдана беріңдер. Атыңдар, көліктің балонынан атыңдар, тоқтатыңдар. Бірақ біздің инспекторлар қаруды қолдануға қорқады. Қылмыстық жауапкершілікке ілігіп кетеміз деп алаңдайды. Себебі заңда оны «инспектор тек қарулы шабуыл болған кезде ғана қолдана алады» деп жазылған. Негізі, «қарулы» деген сөзді алып тастау қажет. Өркениетті елдердің бәрінде солай. «Шабуыл» дегенді ғана қалдыру қажет. Сонда инспекторлар жануар әлемін де, өздерін де қорғай алады», - деді Е.Әлзақов Парламент Мәжілісінде өткен дөңгелек үстел отырысында.

Осы орайда мекеме басшысы инспекторлардың қылмыстық жазаға ілігу фактілерін де келтірді. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстанда бір инспектор браконьерлерге қарсы қаруды қолданған.

«Сонда оқтың бір бытырасы браконьердің арқасына тиген. Сол кезде біз ашық айттық, инспектордың қаруды қолданғаны дұрыс болды. Ол бәрін заң бойынша істеді. Ал Ішкі істер министрлігі алдымен бұзақылық бойынша іс қозғады. Масқара ғой. Адам қызметтік бабымен қаруды қолданып отыр. Құқық қорғаушылар болса, оған «бұзақы» деген айдар тағып отыр. Біз қарсы шағым түсірдік. Бірақ құқық қорғаушылар адам өміріне қастандық жасау бойынша кінә тақты. Оған да қарсы шағым түсірдік. Ақыр соңында қызметтік бабын асыра пайдаланды деп, 5 жылға бас бостандығын шектеді. Қамауға алды. Руслан Загиров деген жас жігіт. Темекі шекпейді. Қазақстанның регби бойынша құрама командасының мүшесі. Өзі спортшы. Отбасы бар. Обал ғой. Қамауға алды. Сонда әділдік қайда? Инспекторлардың бәрі осы істі жіті бақылап отырды», - деп атап көрсетті Е.Әлзақов.

Айта кетейік, бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі браконьерлермен күрес саласындағы заң бұзушылықтарды жариялады. Қылмыскерлерге құқық қорғаушылар ғана емес, сараптама жасайтын мамандар да көмектесіп жатады.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдиновтың айтуынша, сараптама жасау кезінде киік немесе арқар сияқты сирек кезедесетін жануарлардың етін қой еті деп көрсету фактілері аз емес. Ал тәркіленген өліктердің саны әдейі азайтып жазылады. «Бүгінде осы салада сараптама жасайтын мекемелер көп. Арнайы куәлікті алады да, сараптама жасай береді. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын «Оxотзоопром»-ның инспекторлары Н.Ш.Кішкентаев деген азаматы ұстады. Оның көлігін тексеру кезінде терісі сыпырылған арқардың ұшасы табылды. Аталған факт бойынша Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғады. Ал сараптама қорытындысында арқардың ұшасы «үй жануары» болып шықты. Ол сараптаманы жеке кәсіпкер С.З.Көпбаев өткізді. Оның жазып берген қорытындысы негізінде қылмыстық іс тоқтатылды», - дейді Қ.Рыскелдинов.

Соңғы жаңалықтар