Нұр-Сұлтан: -4°С
Алматы: +7°С
usd/kzt 434.34
eur/kzt 491.93
rub/kzt 5.56
cny/kzt 68.67
+7 701 759 90 19

Атырау облысының экономика басқармасына жаңа басшы тағайындалды

2021 жылғы 15 наурыз 21:05
Атырау облысының экономика басқармасына жаңа басшы тағайындалды

АЫРАУ. ҚазАқпарат - Айгүл Әжіғалиева Атырау облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Ұқсас жаңалықтар
Менің Nur Otan басшылығында қалуым туралы мәселені қайта қарауымыз мүмкін – Қасым-Жомарт Тоқаев Президент: «Nur Otan»-ды басқару шешімі партияны трансформациялау ниетінен туындады Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы болып сайланды

Бұл туралы бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов актив жиынында айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов Айгүл Әжіғалиеваның облыс әкімінің орынбасары лауазымы қызметін 10 жылдан астам уақыт абыройлы атқарғанын айрықша атап өтті.

«Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, халыққа мінсіз қызмет еткені үшін Айгүл Теміртасқызына алғысымды білдіремін»,-деген аймақ басшысы оның жаңа қызметіне табыс тіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мемлекеттік қызметшілерге ротация жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізілген болатын.

Аталған Жарлыққа сәйкес 2021 жылдың 1 қаңтарында бір лауазымды атқарып отырғанына сегіз және одан да көп жыл болған мемлекеттік саяси қызметшілер міндетті түрде ротациялануы керек.

Осыған байланысты Айгүл Әжіғалиева ҚР Президентi Әкімшілігінің келісімімен Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымынан босатылып, орнына Атырау облысы әкімінің орынбасары болып Нариман Таушов Бахытұлы тағайындалды.

Айгүл Теміртасқызы Әжіғалиева 1966 жылы Атырау облысының Дамбы селолық округінде дүниеге келген. Білімі жоғары, 1985 жылы Целиноград қаласының Қаржы-экономикалық техникумын, 1991 жылы Алматы қаласының Халық шаруашылығы институтын қаржы қызметкері мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1985 жылы Гурьев облыстық қаржы бөлімінің кадр жұмысы бойынша аға инспекторы болып бастаған. 1985-1986 жылдары облыстық қаржы бөлімі бюджеттік бөлімнің тексеруші-инспекторы, 1986-1989 жылдары облыстық қаржы басқармасының бюджеттік бөлімінің аға экономисі, 1989-1992 жылдары облыстық қаржы басқармасының бюджеттік бөлімінің жетекші маманы болып жұмыс істеген.

1992-1993 жылдары облыстық қаржы басқармасының бюджеттік бөлім бастығының орынбасары, 1993-1995 жылдары облыстық қаржы басқармасының басқару аппаратын қаржыландыру, әкімшілік органдары және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім бастығы, 1995-1996 жылдары облыстық қаржы басқармасы бастығының міндетін атқарушы-бюджеттік бөлімнің бастығы, 1996-1998 жылдары облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары-бюджеттік бөлімінің бастығы болған.

1998-1999 жылдары облыстық қаржы басқармасы бастығының міндетін атқарушы, 1999-2000 жылдары облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары-бюджеттік бөлімнің бастығы, 2000-2001 жылдары облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары, ал 2001-2002 жылдары облыстық қаржы басқармасының басқарма бастығы, 2002-2005 жылдары облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары ретінде еңбек етті.

2005-2006 жылдары Атырау облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті директорының орынбасары, 2006-2008 жылдары Атырау облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры, 2008-2010 жылдары Атырау облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы, ал 2010 жылдың маусым айынан бастап бүгінге дейін Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымында еңбек етті.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен», «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалімен және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталып, «Құрмет» орденін алған.


Бөлісіңіз:
Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Jańalyqtar