Инфляцияны есептеуде фискалдық чек мәліметтері қолданылады – Ұлттық статистика бюросы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде инфляцияны есептеуде фискалдық чек мәліметтері пайдаланылатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюро жұмысының басым бағыттарының бірі – балама дереккөздерді пайдалану. Бұл – фискалдық чектер, яғни кассадан берілетін чектегі мәліметтер. Бірқатар Еуропа елі бұл дереккөзді инфляцияны есептеу үшін белсенді түрде қолданып жатыр. Біз де Қазақстанда осындай жобаны іске асыруға кірістік. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сарапшылары әдіснамалық көмек көрсетті. Қаржы министрлігі өз тарапынан фискалдық деректерді ұсынды. Біз оларды мұқият зерттеп жатырмыз. Қазіргі уақытта деректерді «тазарту» және белгілеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың негізінде модель құрылады. Ол чектегі тауарларды тұтынушы себетінің құрылымына қарай жіктеуге мүмкіндік береді», – ол.

Оның атап өтуінше, қазір модель негізінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары анықталып жатыр. Одан кейін тауарлар мен қызметтердің тізімі кезең-кезеңмен кеңейтіледі. «Инфляцияны есептеу кезінде фискалдық деректерге толық көшу үшін Тауарлар мен қызметтердің бірыңғай каталогын енгізу қажет. Ол деректердің «тазалығы» мен салыстырмалы болуын қамтамасыз етеді. Бұл бағыттағы жұмыс Сауда және интеграция министрлігі және Қаржы министрлігімен бірлесе жүргізіліп жатыр. Бюро тауарлар мен қызметтердің бірыңғай каталогы енгізілген соң, сондай-ақ Халықаралық валюта қоры тарапынан жаңа тәсіл расталғаннан кейін, бағалардың дәстүрлі түрде тіркеуін фискалдық деректерді пайдалануға ауыстыруды жоспарлап отыр. Әзірге біз деректерді дәстүрлі әдіспен жинауды жалғастырып, фискалды чектер негізінде де экспериментті есептеуді жүргізіп келеміз», - деді Жандос Шаймарданов.

Фото: konturalco.ru


Соңғы жаңалықтар