Инфляцияға қарсы әрекет: Азық-түлік сатушылар үшін жалдау ақысын төмендету мен басқа да қадамдар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасына ерекше тоқталып өтті.

Осы орайда Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару. Бүгін өткен Үкімет отырысында 2021 - 2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету қадамдары қаралып, тиісті құжат жобасы мақұлданды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтынша, жылдық есептеуде Қазақстанда инфляция 8 айдың қорытындысы бойынша 8,7%-ды құрады және тарихи қалыптасқан құрылымға сәйкес, оның 50%-дан астамы азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне тиесілі болып отыр.

«Елімізде бағаның өсуін тежеу мақсатында 2021 - 2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенінің жобасы әзірленді. Шаралар кешені жобасы жедел және орта мерзімге арналған 2 бағыт бойынша 70 іс-шарадан тұрады. Бұл іс-шаралар бағалардың өсуін тежеуге бағытталған қадамдарды және де инфляцияның қарқынын бекітілген нысаналы дәлізге кіргізуге бағытталған жүйелі жұмыстарды қамтиды», - деді Ә. Ерғалиев.

Бірінші бағыт - 2021 жылға арналған жедел шаралар бойынша іске асырылатын болады.

1. Тауар ұсынысын кеңейту аясында 16 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары түрлерін сатып алуды ұйымдастыру және өндірушілердің қажеттілігін айқындау, форвардтық шарттар мен «айналым схемасы» аясында тетігін бекіту көзделген.

2. Талдау және ұйымдастыру шаралары бойынша 7 іс-шара жоспарланған. Бұл іс-шаралар тізімі скрининг, сауда процестерін цифрландыруды, тамақ өнеркәсібінің жартылай жұмыс істейтін және тоқтап тұрған қуатын мониторингілеуді әрі талдауды қамтиды. Соның ішінде, әләуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бақылауды институционалдық күшейту көзделген.

3. Реттеушілік шаралар бойынша 10 іс-шара іске асырылатын болады. Олардың қатарына, ішкі нарықта тапшылық немесе бағаның өсуі байқалса, қажет болған жағдайда, шикізат пен материалдарды экспорттауға шектеулер енгізіледі. Сондай-ақ, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен экспорттауға алты айға тыйым салу және медициналық қызметтерге кешенді тарифтер бекіту кіреді.

4. Антимонополиялық шаралар бойынша 9 іс-шараны іске асыру көзделген. Оның ішінде сауда үстемелерінің негізділігін бақылауға, бағалық сөз байласу белгілерін анықтауға және сауда-саттыққа қол жеткізуді шектеуге бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.

«Екінші бағыт аясында 2024 жылға дейінгі орта мерзімді қадамдар бойынша 28 іс-шара жоспарланған. Бұл іс-шаралар тұрақтандыру қорларының жеткіліктілігін қамтамасыз ету, импорт алмасу жобаларын іске асыру шараларын, сондай-ақ бағаларды әкімшілік реттеуден кету және дезинфляциялық ақша-несие саясатын жүзеге асыру сияқты жүйелі жұмыстарды қамтиды. Инфляцияға қарсы әрекет ету шараларын тиімді іске асыру және олардың орындалуына мониторинг жүргізу мақсатында Сауда және интеграция министрлігі қарамағында тұрақты жұмыс істейтін операциялық штаб құру ұсынылады. Оның құрамына орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының орынбасарлары кіреді. 2021 – 2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенінің жобасы әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының тұрақтандыруына әкеледі», - деді министр.

Ұлттық банк міндеті

«Мемлекет басшысының инфляцияны 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық банк, бірінші кезекте, инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені аясында монетарлық емес факторларды тұрақтандыруға бағытталған шараларды қабылдауды қолдайды. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша 11,4% деңгейіне жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияны жеделдетуге негізгі үлес қосты. Оны осы жылдың соңына қарай 8%-ке дейін төмендету үшін шаралар кешеніне сәйкес, Үкімет пен әкімдер реттеушілік сипаттағы және монополияға қарсы ықпал етудің тиімді уақытша қадамдарын негізге ала отырып, жекелеген нарықтардағы маусымдық күтпеген өзгерістер мен теңгерімсіздіктерді жою бойынша жедел шаралар қабылдайтын болады», - деді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, инфляцияны тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысы алға қойған орта мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет тауарлардың өндірісі, экспорты мен импорты балансын қатаң сақтай отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыру, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру және тиімді тауар өткізу жүйесін дамыту жөніндегі бастамаларды іске асыратын болады. Бұл азық-түлік инфляциясын 2022 жылы 6%-ке дейін және 2023-2024 жылдары 5%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

«Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша басқа тауарлар мен қызметтерге тікелей әсер етумен қатар айтарлықтай жанама ықпал ететін жанар-жағармай нарығы бағаның өсуін тежеудің негізгі әлеуетіне жатады. Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісім бойынша біз азық-түлікке жатпайтын инфляцияның 2022 жылы 5%-ке дейін және 2023-2024 жылдары 4%-ке дейін төмендеуін күтеміз», - деді ҰБ басшысы.

Реттелетін қызметтер үшін орта мерзімді негізде болжамды және теңгерімді тарифтік саясатты енгізу айырықша маңызды болып саналады.

«2023 жылдан бастап бағаны әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге ауысуды бастау орынды деп есептейміз. Бұл сервистік инфляцияны 2022-2024 жылдары 4% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Ұсынылатын шаралардың тиімділігі көбінесе өңірлердегі жұмыстың жұмыла ұйымдастырылуы мен үйлестірілуіне байланысты болады», - деп түсіндірді Е. Досаев.

Сауда саласындағы қадамдар

Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігін әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеу мәселелерінде бірыңғай үйлестіруді жүзеге асыратын негізгі жауапты мемлекеттік орган ретінде айқындау ұсынылды.

Бүгін Үкімет отырысында Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев министрлік азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселелері бойынша салалық мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл регламентінің жобасын әзірлеп, келісілген нұсқасы жақын арада Үкіметке енгізетінін айтты. Азық-түлік тауарларына мониторинг пен бағалардың неғұрлым сапалы және тиімді жүйесін жүргізу мақсатында министрліктің тиісті институционалдық күшейту қадамдары ескеріліп отыр.

«Сауда саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеті – кешенді сауда-логистикалық инфрақұрылым құру арқылы өндірушіден тұтынушыға дейінгі сауда-өткізу тізбегін құру болып саналады. Ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың бірінші кезеңі аясында Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жасалды. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 2022 жылғы қаңтарға дейін 2 көтерме тарату орталығын жаңғыртып тапсыру жоспарланып отыр», - деді Е. Қазанбаев.

Оның айтуынша, қалған көтерме тарату орталықтарының құрылысын 2022 жылдың қаңтар айында бастап, тамыз айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Екінші кезеңде 17 көтерме тарату орталығын салу жоспарлануда. Жеке әріптеспен бірлесіп, маркетингтік талдау жүргізілді, жер учаскелерінің 70 пайызы анықталды және оларды бөлу бойынша рәсімдер басталды. Екінші кезең бойынша Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу 2022 жылғы сәуірде, ал пайдалануға тапсыру 2024 жылғы тамызда жоспарланған», - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2021-2025 жылдары кезеңінде «Ұлттық тауар жеткізуші жүйесін» құру мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және сату бойынша 24 көтерме тарату орталығы салынады.

Бәсекелестік ортадағы жағдай

Үкіметте Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бағаға қатысты сөз байласу және үстем жағдайды теріс пайдаланатын сауда желілері туралы айтып берді.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтарына тоқталсақ, бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттер және үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша бағаларды төмендету туралы 60 хабарлама шығарылды. Оның ішінде, 50-і азық-түлік тауарларына бағаларды 5 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетті, 8 тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуінің апта сайынғы серпіні 0,6 пайыздан минус 0,2 пайызға дейін төмендеді», - деді С. Жұманғарин Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының көтерме сауда нарығына басты назар аудара отырып, азық-түлік тауарларының барлық бағасы бойынша делдалдық схемаларды тексеру туралы тапсырмасын орындау аясында 13 тауар позициясы тұрғысында жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Екінші мәселе, сауда желілер қызметіне қатысты. Ритейл нарығын талдау аясында сауда үстемеақысының негізділігін кешенді түрде тексерілуі басталды. Сауда желілерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемеақысын 15 пайыздан асырғандығы бойынша 25 факті анықталды, осыған орай жергілікті атқарушы органдарға жауапқа тарту үшін материалдар жіберілді. Бағаға қатысты сөз байласу және үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша 10 сауда желісіне қатысты шаралар қабылданды. Сауда желілеріне қатысты жұмыс жалғасуда. Ең ірі республикалық желі «Магнум» («Magnum Cash@Carry» ЖШС) өзіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15-тен 10 пайызға дейін төмендету туралы міндеттеме алды», - деді агенттік басшысы.

Сонымен қатар агенттік басшысы Қазақстанда баспана құнының төмендеуі байқалғанын айтты.

Қазіргі кезде бастапқы тұрғын үйге бағалар 3 пайыздан (биылғы қаңтар) 0,4 пайызға дейін (биылғы шілде), сондай-ақ қайталама тұрғын үйге 5 пайыздан (қаңтар) 1,1 пайызға дейін (шілде) төмендегені байқалды.

Тиісті ескертулерді орындау аясында «РАМС-Қазақстан» компаниялар тобы бағаларды Алматы қаласында бірқатар тұрғын үй кешенінен шаршы метр үшін 15%-ға немесе 90 мың теңгеге дейін, «BAZIS-A» компаниясы Алматы қаласында тұрғын үй кешендеріне шаршы метр үшін 20 мың теңгеге дейін, «BI Group» Нұр-Сұлтан қаласындағы кешендерде бастапқы тұрғын үйге орта есеппен 8 пайызға, Алматы қаласында - 11 %-ға, Шымкентте. - 3 %-ға, Атырауда - 4 %-ға төмендетті. Басқа құрылыс салушылар да хабарламаларды орындап, бағаларды орта есеппен 15-20%-ға төмендетті. Бағалардың төмендеу пайызы орта есеппен 9%-ды, төмендеу серпіні – шаршы метрге 10 000-нан 125 000 теңгеге дейін.

Айтпақшы, Серік Жұманғарин құрылыс материалдарының құны не себепті өскенін түсіндірді.

«Жыл басынан бері отандық құрылыс материалдары бағасының өсуі 25 пайызды құрады. Құрылыс материалдары бағасының негізгі өсуі сыртқы нарықтардағы баға жағдайымен негізделген. Бұл өзгерістер арматура (өсім 45%), кабель (20%), профлист (70%), шыны (35%) және басқа да материалдар құнына әсер етті», - деді агенттік басшысы.

Бағаның өсуінің негізінде электр энергиясына тарифтердің орташа - 12%-ға, жанар-жағармай - 15%-ға, энергетикалық көмірге -10%-ға, теміржол тасымалдарына - 18%-ға өсуі сияқты объективті факторлар бар. Олар отандық өндірістің құрылыс материалдары бағасының өсуіне тікелей әсер етті.

Құрылыс материалдарының өзіндік құнындағы осы шығындардың үлесі 15-тен 30% - ға дейін құрайды.

«Бағаны көтерудің негізділігін қарау және сөз байласу белгілерін белгілеу мақсатында құрылыс материалдарының 25 түрі (кірпіш, бетон, арматура, цемент және т.б.) бойынша құрылыс материалдары нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізіліп жатыр. Талаптарды бұзу белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы 75 хабарлама жолданды. Бүгінгі таңда 42 компания хабарламаны орындады. Оның ішінде 35 компания бағаны төмендетті: арматураға – 25%, цементке – 10%, бетонға – 10%, полиэтиленді құбырларға – 6%, кабельге – 5-тен 14% - ға дейін, кірпішке - 3%. Сонымен қатар бұл бағытта 10 тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді агенттік басшысы.

Монополияға қарсы бақылау іс-шараларының нәтижесінде республика бойынша баға өсуінің ай сайынғы тренді маусым айындағы 4,2 пайыздан шілде айында 1,7 пайызға дейін төмендетілді.

Субсидия беру механизмдері кеңейтіледі

Үкімет отырысында талқыланған инфляцияны тежеу тақырыбын қорытындылау кезінде Премьер-Министр Асқар Мамин алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды атады.

«Үкімет Инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар кешенін әзірледі. Біріншіден, азық-түлік инфляциясын тежеу жөніндегі жедел шаралар аясында экономиканың секторларында құн белгілеудің бүкіл тізбегінде бағаны тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылданады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатып алу ұйымдастырылып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» қайта өңдеушілер үшін шикізаттың болжамды әрі тұрақты бағасын қамтамасыз етудегі рөлі кеңейтіледі», - деді А. Мамин.

Осы орайда өндірушілерге жеңілдікпен кредит пен субсидия беру механизмдері кеңейтіліп, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сақтау инфрақұрылымын салу үшін субсидиялау нормалары ұлғайтылады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатушылар үшін жалдау ақысы төмендетіледі. Елдегі Өндірушілердің бірыңғай тізілімін жасау және бағаны мониторингілеу жөніндегі талдамалық платформаны іске қосу өңірлерде инфляцияның күрт өсу фактілеріне дереу әрекет етуге мүмкіндік береді.

«Азық-түліктен басқа тауарларға инфляция деңгейін тежеу жөніндегі шаралар аясында қажет болса, тапшылық орын алып отырған немесе ішкі нарықта бағасы өскен шикізат пен материалдарды экспортқа шығаруға шектеу енгізу көзделеді. Медициналық қызметтердің кешенді тарифтерін және бірқатар медициналық тауарлардың шекті бағасын алдын ала бекіту қамтамасыз етіледі», - деді А. Мамин.

Оның айтуныша, инфляция импорты жоғары өндірістерді ұлғайту жөнінде нақты шаралар қабылданады, оның ішінде құрылыс материалдары мен жеңіл өнеркәсіп өнімдері де бар.

«Ақша-кредит саясатының аясында, инфляцияға қарсы шараларды іске асыруға, оның ішінде экономикадағы өтімділік көлемін бақылауды күшейту жолымен іске асыруға назар аударылатын болады. Бұл шаралардың бәрі биылғы жылдың соңына дейін азық-түліктен басқа тауарлар мен ақылы қызметтердің бағасын жедел түрде тұрақтандырып, инфляцияның жалпы деңгейін бақылауға мүмкіндік береді», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар