Инфляция қарқын алып келеді – Ғалымжан Пірматов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда да инфляция қарқын алып келеді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын қарау барысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматтов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жоғары құбылмалылық пен белгісіздіктің орын алуы 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына, оның ішінде ақша-кредит саясаты мен төлем балансының көрсеткіштеріне айтарлықтай әсер етуде. Экономиканы фискалдық ынталандыру аясында инфляциялық күтулердің артуына байланысты және азық-түлік пен шикізат бағасының жалпы әлемдік өсуінен Қазақстанда да инфляция қарқын алып келеді. Қазан айының қорытындысы бойынша инфляция 18,8 пайызға жетті. Біздің болжамымыз бойынша сыртқы инфляцияның ішкі бағаларға әсеріне, инфляциялық күтулердің миграциялық шок салдарынан артуына байланысты инфляция өсуін жалғастырады», - деді Ғалымжан Пірматов.

Оның атап өтуінше, жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатын ескере отырып, сыртқы инфляциялық қысымның болжамды төмендеуіне байланысты 2023 жылы инфляциялық процестер баяулайды деп күтіледі.

«Шикізат бағасының жоғары болуына байланысты 2022 жылы төлем балансының ағымдағы шоты профициттік аймаққа ауысады деген болжам бар. Бұл жағдай мұнайға, металл, уран мен дәнді дақылдарға деген әлемдік бағалардың жоғары болуына байланысты тауар экспортының өсуі есебінен 2023 жылы да сақталады. Тауар импорты жоғары сұраныс пен фискалдық шығыстар аясында жоғары деңгейде қалады», - деді Ұлттық банк төрағасы.


Соңғы жаңалықтар