Инфляция, геосаясат, жаңа мүмкіндіктер: 2022 жылы ел экономикасы қалай дамыды

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы әлемдік экономика айтарлықтай құлдырады. Оған жоғары инфляция, Украинадағы жағдай, Ресейге қарсы санкциялар мен азық-түлік тапшылығы себеп болды. Аталған факторлар Қазақстан экономикасын да айналып өтпеді. Геосаяси шиеленіс жағдайында өндірістік, логистикалық және сауда байланыстарының бұзылуы іскерлік белсенділіктің төмендеуіне әсер етіп, салдарынан тауарлар мен қызметтер бағасының артуына әкеліп соқты. Ал бұл өз кезегінде инфляцияға себеп болды. Десе де, ел үкіметі қабылдаған бірқатар шараның арқасында экономикада ілгерілеушіліктер де бар. Бүгінде ел экономикасын дамыту бағытында әр салада қандай іс-шаралар қолға алынды, әлемдегі экономикалық жағдай Қазақстанға қалай әсер етті, сонымен бірге қымбатшылық, инфляцияның алдын алу мақсатында қандай шаралар қабылданғаны жөнінде толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Әлемдегі экономикалық жағдай

Дүниежүзілік банк тобының президенті Дэвид Малпасс 2022 жылғы есебінде табиғи газ, тыңайтқыш айтарлықтай қымбаттап, табысы төмен және орташа елдер онжылдықтағы ең ауыр дағдарысқа тап болғанын атап өтті. Әлемнің біраз елінде, соның ішінде Ауғанстан, Эфиопия, Сахель аймағы және Йеменде тұрақсыздық, қақтығыстар мен зорлық-зомбылық деңгейі өскен. Энергия қуаты мен азық-түлік бағасының өсуі, сондай-ақ Еуропадағы табиғи газға жоғары сұранысқа байланысты дамушы елдер жаңа қиындықтарға тап болды. Табиғи газдың қымбаттауы, оның тапшылығы тыңайтқышты жеткізу және дақылдардың өнімділігіне қауіп төндірді. Сол секілді бағаның өсуі электр желілерінің тұрақсыздығы мен қоршаған ортаны ластайтын отын түрлерін пайдалану көлемінің артуына алып келді. Жарияланған болжамға сәйкес, биыл Орталық Азияда тауарлар мен қызметтер өндірісі 3%-ға қысқаратыны айтылған.

Қазақстанның экономикалық жағдайы

Еуразиялық даму банкінің мәліметінше, Қазақстан экономикасы 2022 жылы ішкі және сыртқы қиындықтарға төзімділік танытты. Оған салықтық-бюджеттік саясат аясында қабылданған шаралардың да әсері бар. Аталған банктің бағалауы бойынша, биыл Қазақстан экономикасының өсімі 2,8% болуы мүмкін. Бұл – қазіргі жағдайды ескерсек, айтарлықтай жоғары көрсеткіш.

2022 жылғы басты мәселелердің бірі – азық-түлік бағасының өсімі. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, сонымен бірге Еуропалық Одақ, АҚШ және Оңтүстік-Шығыс Азия сияқты экономикасы тұрақты елдерге де әсер етті. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елімізде желтоқсан айының қорытындысы бойынша инфляция 20,3% болды. Бұл соңғы бірнеше жылда болмаған жағдай. Азық-түлік тауарлары - 25,3 %-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар - 19,4 %-ға, ақылы қызметтер - 14,1 %-ға қымбаттаған.

Ең жоғарғы бір айлық инфляция Жамбыл мен Қостанай облыстарында тіркелген. Бұл өңірлерде азық-түлік бағасы күрт өсті. Мәселен, қияр бағасы -30%-ға, қызанақ – 15%-ға, тәтті бұрыш 8%-ға қымбаттап кетті. Сонымен қатар тұрмыстық техника, құлаққап, планшеттер мен жылыту құрылғыларының бағасы шарықтап тұр.

Инфляцияны тұрақтандыру және оны орта мерзімді перспективада біртіндеп төмендету үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бірнеше рет көтерді. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың басында, яғни қаңтарда – 10,25% болса, желтоқсанда – 16,75%-ға жетті.

Геосаяси шиеленістерге және жаһандық сілкіністерге қарамастан, Қазақстанның ІЖӨ (ішкі жалпы өнім) динамикасы жоғары. Мәселен, 2022 жылдың 11 айында экономиканың өсу қарқыны 2,7%-ды құрады. Қаңтар–қазан айларында сыртқы сауда айналымы 34%-ға өсіп, 111 млрд АҚШ долларын құрады. Экспорт 45%-ды, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 35%-ға дейін өсті. 2022 жылдың қаңтар–қазан айларында негізгі капиталға салынған инвестиция 11,2 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға көп.

2023–2027 жылдарға арналған Қазақстан Республикасын әлеуметтік-экономикалық дамыту болжамына сәйкес, 2022 жылы экономикалық өсім 3%, 2023-2024 жылдары — 4%, 2025 жылы — 4,1%, 2026 жылы — 3,2%, 2027 жылы — 4,2% болады деп болжанып отыр.

Өнеркәсіп салалары

Экономиканың маңызды салаларының бірі – өнеркәсіп. Мәселен, былтыр тамақ, жеңіл өнеркәсіп пен химия өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика, мұнай өңдеу және т. б. секторларда кәсіпорындар өз жұмысын бастады. Жалпыұлттық пул шеңберінде 2022 жылы құны 2 трлн теңге болатын 160 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар 15,7 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Негізгі жобалардың бірі ретінде Атырау облысындағы қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты ерекше атап өтуге болады. Ол бірден әлемдегі полипропилен өндірушілердің ең озық ТОП-10 қатарына енді. 2022 жылғы барлық жаңа жоба жобалық қуаттылығына шыққан кезде олардың жиынтық өндіріс көлемі шамамен 1,7 трлн теңгені құрайды.

Жыл бойы Үкімет Қазақстанға бірқатар ірі шетелдік компанияны көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізді. Осы уақытқа дейін 62 компания бойынша нақты нәтижелер бар.

Сонымен қатар былтыр Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытудың 2026 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Оның негізгі мақсаты – ішкі нарықты бәсекеге қабілетті, кейін экспортқа шығарылатын отандық өндіріс тауарларымен толықтыру. Жалпы бағдарлама шеңберінде 761 тауар шығару жоспарланған, бұл болашақта шикізаттық емес экспортты шамамен $15 млрд ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 4% жеңілдікпен автонесиеберу бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда оның аясында 97 млрд теңге игеріліп, 12,4 мың автомобиль берілді. 2023 жылғы қаңтарда да бағдарламаны қайтарымды қаражат есебінен қаржыландыра отырып жалғастыра бермек. Бұл қысқа мерзімді перспективада қазақстандықтарға тағы 1300-ге жуық автокөлік ұсынуға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы

2022 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы саласы ең жоғары өсу қарқынын көрсетті. Нақтырақ айтқанда, жалпы өнім көлемі 8,5%-ға ұлғайып, 8,8 трлн теңгені құрады. Биыл әлемдік азық-түлік нарығында қалыптасқан құбылмалы жағдайға байланысты ықтимал тәуекелдерді азайту үшін көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі 2 есе – 110 млрд теңгеден 220 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне тағы 40 млрд теңге бағытталды. Бұл фермерлер үшін ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік беріп, 1068 бірлік техника, оның ішінде 188 комбайн мен 880 трактор сатып алынды.

Барлық қабылданған шараның нәтижесінде, дәнді дақылдардың соңғы 10 жылда болмаған ең жоғары өнімі алынды. Мәселен, астықтың орташа өнімділігі 14,2 ц/га болып, бункерлік салмақта 22,8 млн тонна астық бастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға артық. Жиналған астықтың 80%-дан астамының сапасы жоғары. Қазіргі таңда агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, фермерлік қоғамдастықтың пікірін барынша ескеруге және ауылдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретін субсидиялау жүйесі әзірленді.

Мемлекет қолдауының арқасында 2022 жылы 214 млрд теңгені құрайтын 227 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Мемлекет меншігіне 5,2 млн га ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. 2023 жылы тағы 5 млн га жерді қайтару көзделген. Сондай-ақ көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар одан әрі іске асырылды. Оның шеңберінде 2021-2022 жылдары қуаты 201,1 мың тонна болатын қоймалар іске қосылды. Айта кетейік, негізгі азық-түлік тауарларымен өзін-өзі толық қамтамасыз ету жөніндегі индикаторларға қол жеткізу үшін осы жылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2024 жылға дейінгі жоспары және қант саласын дамытудың бес жылдық кезеңге арналған кешенді жоспары қабылданды.

Нәтижесінде, республикада азық-түлік өндірісі 4,2%-ға, оның ішінде өсімдік майы 51%-ға, қант 46%-ға, жарма 18%-ға, балық (жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған) 18%-ға, ұн 11%-ға, өңделген күріш 5,5%-ға, шұжық өнімдері 5,4%-ға, макарон өндіру 4,5%-ға өсті.

Көлік-логистика саласы

Қазақстанның негізгі экономикалық артықшылықтарының бірі – жоғары көлік-логистикалық әлеуеті. Оны одан әрі дамыту үшін 2030 жылға дейінгі тиісті тұжырымдама әзірленді. Құжат аясында жолаушылар мен жүк жеткізу жылдамдығын арттыру, цифрландыру мен зияткерлік басқару жүйелерін енгізу, экономикалық жағынан белсенді орталықтар мен елді мекендер арасындағы көлік қатынастарын дамыту, халықаралық транзиттік-көлік дәліздерінің, логистикалық терминалдардың және т.б. өткізу қабілетін арттыру жөніндегі шаралар қарастырылған. Күзде ұзындығы 836 км Достық – Мойынты теміржол учаскесінің екінші торабының құрылысы басталды, бұл – теміржол инфрақұрылымы саласындағы ең ірі жоба. Ірі инфрақұрылымдық бастамалармен қатар магистральдық теміржол желісін және кірме жолдарды жаңғырту бойынша жоспар жасалды. Алдағы үш жылда 2 мың шақырымнан астам теміржолды күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Халықаралық көлік бағыттарын дамыту шеңберінде Қазақстан Әзербайжан, Түркия және Грузия елдерімен 2022-2027 жылдарға арналған «тар» дәліздерді синхронды жою және Транскаспий халықаралық көлік бағытын нығайту жөніндегі бірлескен Жол картасына қол қойды. Бұл тұрғыда мемлекет Ақтау және Құрық порттарының өткізу қабілетін арттыруды, «контейнерлік хаб» салуды, сондай-ақ сауда флотын 10 жаңа пароммен толықтыруды жоспарлап отыр. Осыған ұқсас шаралар басқа қол қоюшы елдер тарапынан қабылданады деп күтілуде. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан Темір жолын» Ұлттық көлік-логистикалық компанияға трансформациялау процесі басталды. Бүгінгі таңда ҚТЖ жанынан құзыреттілік орталығы құрылды. Оның негізгі міндеті – жаңа логистикалық өнімдерді ұйымдастыру және транзиттік жүк ағындарын трансқазақстандық маршруттарға қайта бағдарлау.

Жол құрылысының сапасын арттыру мақсатында Қазақстанның климаттық жағдайларына сай келетін озық технологиялар мен жаңа отандық материалдарды енгізуге бағытталған автожол саласын реформалау бойынша жұмыстар қолға алынды. Жалпы қолданыстағы автожол желісінің жалпы ұзындығы 2022 жылдың басында 96 мың км құрады, оның ішінде 24,9 мың км – республикалық желі және 71 мың км – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. 2022 жылы 7 мың шақырым жолда құрылыс жұмыстары жүрді. Жалпы 2025 жылға қарай республикалық жолдардың 100%-ын және жергілікті жолдарының 95%-ын нормативтік жағдайға келтіру, сондай-ақ 52 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту жоспарланған.

Былтыр экономиканың нақты секторлары мен қаржы саласы үлкен сынақпен бетпе-бет келді. Елдің экономикалық картасында үлкен өзгерістер болды. Енді биыл халықтың әл-ауқатын көтеру, экономиканы әртараптандыру, қаржы секторын берік ете түсу, ең бастысы, қымбатшылықтың алдын алу жаңа қарқынмен жүзеге асуы тиіс.


Соңғы жаңалықтар