Индустриялық дамудың екінші бесжылдығында ЖІӨ-дегі инновациялық өнімдердің үлесі 2,5%-ға жетеді - Әсет Исекешев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев Алматыда Инвестициялар және даму министрлігінің ұйымдастыруымен өткен форум барысында индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығына қойылатын міндеттер туралы айтты.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы кезеңі 2010 жылы басталған болатын. Сол аралықта 3500 инновациялық жұмыс жасалып, 577 жоба мақұлданды.

«Екінші бесжылдықта ЖІӨ-дегі инновациялық өнімдердің үлесін 2,5%-ға жеткізіп, инновациялық белсенділікті 20%-ға арттыру көзделген. Әлі де өңдеуші өнеркәсіптің өзектілігі басты назарда. Басымдық негізгі екі бағытқа беріледі. Ең алдымен, дәстүрлі салалардағы (металлургия, геология, ауыл шаруашылығы) технологиялық артта қалушылық шегерілмек. Сондай-ақ, білімге негізделген экономикалық салалар робот техникасы, автоматтандыру, инжиниринг, мультимедиалық технологиялардың дамуына барынша жағдай жасалады», - деді министр.

Оның айтуынша, қазір аталған бағытта 75 негізгі технология іріктелген. Оңтүстік Кореяның тәжірибесі негізінде технологиялық форсайт қалыптастырылып, 350 кәсіпорынмен келіссөздер жүргізілді. Соның нәтижесі ретінде 175 технологиялық шешім айқындалды. Енді аталған шешімдерге негізделіп, мақсатты технологиялық бағдарламалар жасалады.

Министр әлемдік трендтерді ескере келе ел алдында жаңа технологиялық белестер тұрғанын айтты. «Бұл міндеттерді өндірісті автоматтандыру мен роботтандыру, жаңа материалдарды енгізу, логистиканың жаңа буыны, электронды сауда арқылы еңсеруге болады. Қазір біз өндірісімізді соған дайындауымыз керек. Көптеген зерттеулерге қарағанда мобильді төлем, электронды коммерция, геологиялық барлау, ауыл шаруашылығы, қоқысты жою, ғарыш саласы бизнес үшін өте тартымды болып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ аясында біз осы бағыттарда жұмыс жасауымыз керек»,- деді Ә.Исекешев.

Соңғы жаңалықтар