Индустриялық даму бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылады- Роман Скляр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазмедиа» орталығында Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласы өндірушілерінің отандық жиыны өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараны ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ме «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірігіп ұйымдастыруда. Осы шара арқылы ұйымдастырушылар жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту үшін мемлекет, бизнес пен үкіметтік емес ұйымдардың күш-қуатын біріктірмек. Съезд аясында Қазмедиа орталығының ішінде отандық жеңіл өнеркәсіп саласының көрмесі қойылып, «Жасампаздық қуаты» модалық көрсетілімі болды.

Шараға Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр, Парламент Сенатының депутаты Манап Күбенов пен елорда әкімі Алтай Көлгінов қатысып, съезд жұмысына қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі.

«2015-2019 жылдар аралығында жеңіл өнеркәсіп саласындағы бірқатар жоба іске асып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Осы аралықта салада шығарылған өнім көлемі 57 пайызға өсті. Негізгі капиталға салынатын инвестиция 50 пайызға артты. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды 2025 жылға дейін ұзартып жатырмыз. Бұл бағдарлама өңдеу өнеркәсібін дамытып, экспорт пен еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған», - деді Роман Скляр.

Одан кейін сөз алған Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов жеңіл өнеркәсіптің экономика үшін маңызы зор екендігіне тоқталды.

«Президенттің шағын және орта бизнесті қолдауының арқасында бірқатар өндіріс іске қосылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қарағандыдан 4-5 жігіт келіп, кәсібін ашып, қазіргі күні «Астана Ютария» компаниясының негізін қалаған болатын. Міне, бүгінгі күні ол іргелі кәсіпорынға айналды. Сол секілді үлгілер көп. Отандық кәсіпорындардың өнімдерінің қай-қайсысы болсын бәсекеге қабілетті, бағасы да қымбат емес. Осы съезде ұсыныстардың бәрін тыңдайтын боламыз», - деді жиында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Създге қатысушылар бүгін панельдік сессияларда мемлекеттік орган басшыларының қатысуымен саланы дамытудың нақты механизмдерін талқыламақ. Жалпы, съезд жұмысына жеңіл өнеркәсіп саласындағы 120 кәсіпорын өкілі, дизайнерлер мен ғылыми орта өкілдері қатысуда.

Соңғы жаңалықтар