Индустриялық аймақты кез келген адам аша алады - Ерлан Қайыров

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыров арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың айырмашылығын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Индустриялық аймақтардың негізгі мақсаты - жергілікті жерде кәсіпкерлікті дамыту. Ал арнайы экономикалық аймақтардың өзгешелігі неде? Ол жерде біз арнайы салықтық және кедендік шарттарды жасаймыз. Индустриялдық аймақтарда ондай жеңілдіктер жоқ», - дейді Е.Қайыров.

Оның айтуынша, бүгінгі заңнама бойынша кез келген адам өзінің жеке индустриялық аймағын аша алады. «Мәселен, біреудің иелігінде жер, қажетті инфрақұрылым, бәлкім, ескі өндірістік нысан болса, ол жерді индустриялық аймақ ретінде ашуға мүмкіндік бар. Жерді учаскеге бөліп, жалға беруге болады. Ондай мысалдар бар. Алматыда «Даму» атты жеке меншік индустриялық аймақ табысты жұмыс істеп келеді. Былайша айтқанда, сіз кәсіпкерлердің өз жобаларына жер іздеп жүргенін көрсеңіз, өзіңізге тиесілі жерді индустриялық аймақ ретінде тіркеп, бизнесмендерге жалға берсеңіз болады. Ол жағынан ешқандай проблема жоқ», - деп атап көрсетті вице-министр.

Айта кетейік, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда жерді беру шараларын барынша оңтайландыру жоспарланған. Осыған орай, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыров Парламент Мәжілісінің депутаттарына арнайы заң жобасын таныстырды.  Ал депутат Бақтияр Мәкен «Алатау» паркінің мәселесін тағы көтерді. 

Соңғы жаңалықтар