Индустрияландырудың екінші бесжылдығының аясында 2015 жылы СҚО-да 520 жаңа жұмыс орны құрылады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асыру аясында Солтүстік Қазақстан облысында 2015 жылы 520 жұмыс орны құрылады. Бұл туралы тұрғындармен есептік кездесуде аймақ басшысы Ерік Сұлтанов хабарлады.

«Біз облысымыздың өнеркәсіптік әлеуетін өсіруді жалғастырудамыз. 2014 жылдың қорытындылары бойынша өнеркәсіп өз үлесін 11 пайызға дейін өсірді. Бұл ретте, өсімді барлық салалар: кен қазу (19 пайыз), өңдеу (3 пайыз), электрмен жабдықтау (3 пайыз), сумен жабдықтау (2 пайыз) кәсіпорындары көрсетті», - деді Е.Сұлтанов.

Индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы Солтүстік Қазақстан облысындағы өнеркәсіптік кешенді дамытудың басымдықтарын анықтады. Олардың арасында - машина жасау, құрылыс материалдарының өндірісі, азық-түлік өнеркәсібі бар.

«Индустрияландыру картасының аясында бірінші бесжылдықта 31 млрд. теңгеге 32 жоба іске асырылып, 1000 жұмыс орны құрылған, соның ішінде 2014 жылы - 4,6 млрд. теңгеге 4 жоба іске асырылған», - деді облыс әкімі.

Петропавлдағы ауыр машина жасау зауыты бұған дейін Қазақстанда шығарылмаған энергетикалық қазандық жабдықтарының өндірісін игерді.

«Единство» ЖШС темір-бетон бұйымдарының өндірісі зауытын жаңғыртты, шығарылып отырған өнімдердің номенклатурасы екі есе өсірілген.

Есіл ауданындағы «Әулие» кен орнында ресейлік инвесторлардың қатысуымен алтын қазу бойынша кен-металлургия кешені іске қосылды.

«Биыл индустрияландырудың екінші бесжылдығы басталды. Қазір Картаға 23 млрд. теңгеге 26 жоба кіргізілген, соның 13-і ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосылады. Бұл 520 жаңа жұмыс орнын беріп, өнімдердің шығарылуын 10,5 млрд. теңгеге көбейтеді», - деп сендірді Е.Сұлтанов.

Бірінші жоба енгізілген. «Радуга» ЖШС құбыр өнімдері мен металл-пластик бұйымдарын шығару бойынша өндірісті ретке келтірді. Индустрияландыру жобалары облыстың әрбір ауданында пайда болады. Олардың арасында Айыртау ауданындағы ағашты қайта тереңдете өңдеу цехы, Аққайың ауданындағы элеватор-диірмен өндірісінің жаңғыртылуы, Петропавл қаласындағы керамика кірпіштерін шығару өндірісі бар.

«Самұрық-Қазына-Инвест» ЖШС-дің қатысуымен қайта құрылған «Қазтехмаш» кәсіпорнында «SAMPO Rosenlew» компаниясының фин технологиясы бойынша ауылшаруашылық техникасын, сондай-ақ еуропалық өндірушілердің технологиясы бойынша коммуналдық және тасымалдау техникасын шығару жоспарланған.

Австралияның «Iluka Resources LTD» компаниясымен жер қойнауын геологиялық зерттеу саласында ынтымақтастық белгіленген. Әлемдік деңгейдегі технологиялардың зерттелуі геологиялық барлау жұмыстарын өткізу кезінде қауіптерді азайтуға мүмкіндік береді.

2014 жылы тұрып қалған 9 өндірістің қызметі қалпына келтірілді, ағымдағы жылы тағы 14 өндірісті іске қосу жоспарланып отыр. Олардың арасында Тайынша қаласындағы «Биохим» өндірістік кешені бар. «ҚазМұнайГаз - Қайта өңдеу-Маркетинг» АҚ кәсіпорынды биылғы жылдың соңына дейін іске қосып, 2016 жылы штаттық технологиялық режимге өтуді жоспарлауда.

«Өндіріс кәсіпорындарын жүктеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Осылайша, біздің қатысуымызбен «Петропал құбыр зауыты» ЖШС «KazTransOil» АҚ компаниясына Туймазы-Омбы-Новосібір магистральды мұнай құбырының күрделі жөнделуін өткізу үшін құбыр өнімдері жеткізілді», - деді СҚО әкімі.

«ПАМЗ» АҚ жалпы сомасы 1,1 млрд. теңгеге «ӨзенМұнайГаз» үшін 6 бұрғылау және «ҚазМұнайГазДрилинг» үшін 5 бұрғылау құрылғыларын жеткізу тапсырысын алды.

Премьер-министрдің орынбасары Б.Сапарбаев басқарған делегацияның облысқа жасаған сапарының аясында «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамдарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. 1000-нан астам меморандумға қол қойылып, 50 мыңға жуық жұмыс орны сақталды.

Соңғы жаңалықтар