Индустрияландыру: Жеті жылда 6,6 трлн теңгенің жобасы іске қосылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2010-2017 жылдар аралығында Индустрияландыру бағдарламасы бойынша 6,6 трлн теңгенің жобалары іске асырылды. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасы 2010 жылы басталған болатын. Қазір оның ІІ бесжылдығы іске асырылуда.

Атап өтілгендей, Индустрияландыру бағдарламасы аясында тартылған тікелей шетелдік инвестиция құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі шамамен 3 есеге өсті.

«Биылғы бірінші жартыжылдықта өңдеу секторы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2% өсті. Индустриялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша да оң динамика байқалып отыр. Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында бұл көрсеткіш 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,1% артып, 2,5 млрд АҚШ долларына жетті. 2018 жылдың қаңтар-маусымында өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 18,2% өсіп, 532,8 млрд теңгені құрады», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

2010-2017 жылдар аралығында бағдарлама бойынша барлығы 6,6 трлн теңге болатын 1148 жоба іске қосылды. 107 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Биыл жалпы сомасы 850 млрд теңгеге 123 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жаңадан 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылатыны күтілуде.

Ведомство басшысының ақпараты бойынша, биылғы жылдың 1-тоқсанында тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 6,7 млрд АҚШ долларын құрап, 24,4% өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 2018 жылдың алты айында 4,5 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8%  артық.

«Біз 59 миллиард доллардан асатын 658 инвестициялық жобаның негізгі тізбесін құрдық, ол 2020 жылға дейін жүзеге асырылады», - деді министр. 

Соңғы жаңалықтар