Индустрияландыру: Машина жасау саласында қандай жобалар жүзеге асырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Машина жасау саласын дамыту шикізаттың экономикадан инновациялық экономикаға көшудің басты көрсеткішінің бірі екендігі белгілі. Өйткені күрделі машиналар мен құралдар өндірісі экономикаға тиімді әсер етіп, оның сапалы әртараптануына жол ашады. Бұған қоса машина жасауда құрылған бір жұмыс орны автоматты түрде аралас салаларда 5-6 жұмыс орнын құратындығы да бар. Міне осыған орай елімізде машина жасау индустриалды даму мемлекеттік бағдарламасының басым бағыты ретінде айқындалған болатын.

Жалпы, 2009-2019 жылдардың аралығында саладағы өндіріс көлемі ақшаға шаққанда 4,9 есе артып, рекордтық максимумға, 281,3 млрд теңгеден 1 трлн 372 млрд теңгеге жетіп отыр. Нақты мәнде өндіріс көлемі де 2 есе артты. Шынайы өндіріс деңгейінде алып қарайтын болсақ, 10 жылдың ішінде отандық өндірушілерді қолдау шаралары мен жаңа өндіріс ошақтарын салудың арқасында саланың ірі темір жол машиналарын жасау, автомобиль құрастыру, электр жабдықтарын өндіру сынды секторлары дамыды. Индустрияландыру жылдарында бұрын-соңды елімізде шығарылмаған локомотивтер, электровоздар, жолаушылар вагондары, қуаты шағын тракторлар, автотіркемелер, желдететін құралдар, темір жол дөңгелектері сынды жаңа тауарлар пайда болды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, 2020 жылдың қаңтар-қарашасында саладағы өндіріс көлемі құнына шаққанда 1 трлн 579 млрд теңге болды. Автомобиль, өзге де көлік құралдарын, электр жабдықтарын, машиналар мен жабдықтар шығару секторларында өндіріс көлемінің артуы байқалды. Индустрияландыру жылдарының ішінде салаға 487,6 млрд теңге инвестиция салынды. Машина жасау саласында шығарылатын өнімдер негізінен ішкі нарыққа бағдарланғанымен экспорт көлемінің ұлғаюы да байқалады. Мәселен, 2009 жылдан бері экспорт көлемі 2,8 есеге артып, сол жылғы 405 млн долларлық көрсеткіштен 2019 жылы 1,15 млрд долларға дейін жетті. Қазақстан өнімі шығарылтын нарықтар Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан да асып, Әзербайжан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Грузия, Бенин, Люксембург, Венгрия, Біріккен Араб Әмірліктеріне дейін ұлғайды. Бұл елдерге негізінен электр жабдықтары, мұнай-газ машина жасау бөлшектері мен темір жол техникалары жеткізіліп келеді. Биылғы жылғы көрсеткіш те жаман емес. 10 айдың ішінде экспорт көлемі 933,2 млн долларға жетті. Дегенмен, бұл өткен жылдың 10 айындағы көрсеткіштен 4,5 пайызға аз болып тұр.

Индустрияландыру бағдарламасы қабылданғанға дейін салада 1 700 кәсіпорын болған еді. 10 жылдың ішінде олардың саны 1,7 есе артып, өткен жылы 2 910-ға жетті. Ал биыл машина жасау саласында тіркелген кәсіпорындар 3 007 болды. Олардың 63-і ірі, 102-сі орта және 2 842-сі шағын кәсіпорын саналады. Индустрияландыру картасы шамамен 14,2 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.

Бүгінде елімізде қолға алынған индустрияландырудың үшінші кезеңі экспортқа бағдарланған индустрияландыру саналады. Бұл ретте жобаларды дамытудағы негізгі шарттардың бірі - отандық өнімдердің экспортқа шығуы. Алдағы 5 жылдың ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС-нің Hyundai зауытын, «Сайман» коропорациясы» ЖШС-нің аспаптар жасау зауытын, «Kaspy Service» ЖШС-нің мұнара крандары мен лифтілер құрастыру зауытын, «United Energy Qazaqstan» ЖШС-нің жел генераторлар өндірісін атап өтуге болады. Бұл жобалар 2021-2022 жылдары аралығында жүзеге асырылмақ.

Айта кетерлігі, биыл да бұл салада тың жобалар іске асырылды. Оның бірі корнавирус инфекциясы өршіген кезде тапшылығы байқалған өкпені жасанды желдету аппараты еді. «Көкшетау-4П» аталатын өкпені жасанды желдету мобильді аппараттары Көкшетаудағы «Тыныс» зауытында құрастырылады. Кәсіпорын айына шамамен 500 құрылғы шығарады. Ал бір аппараттың бағасы 750 мың теңгені құрайды. Бұл құрылғылар мобильді түрде жұмыс істейді. Мысалы, оларды жедел жәрдемге орнатуға немесе үйде пайдалануға болады. Өткен айда Шымкенттегі «Қазмедприбор» ӨЖЖ аппараттарын шығаруды бастады. Кәсіпорын тәулігіне 20-25 құрылғы шығаруға қауқарлы. «Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС емдеу мекемелеріндегі жансақтау және қарқынды терапия бөлімдерінде ересектер мен балалардың өкпесін ұзақ уақыт бойы желдетуге арналған өкпені жасанды желдету стационарлық аппараттарының өндірісін ұйымдастырды. Сонымен қатар кәсіпорын қыркүйек-қазан айларында еліміздің барлық өңірлеріндегі медицина мекемелеріне 1500 дана аппарат жеткізіп берді.

Дегенмен, саланың дамуына кедергі келтіретін де факторлар бар. Атап айтар болсақ, Еуразиялық экономикалық одақ ішінде Қазақстанның нарығы әлсіз қорғалған. ЕАЭО елдеріне тауарларымызды экспортқа шығару барысында жасырын кедергілердің де бар екендігі шындық. Мұнан бөлек, отандық кәсіпорындар шикізат пен дайындамаларға (заготовок) да тәуелділік бар. Ұзақмерзімді әрі арзан несиеге қолжетімділік те төмен. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың дамуы да әлсіз болып тұр. Ал бұл проблемаларды шешу үшін жаңа жабдықтар мен технологияларды сатып алуды субсидиялау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамыту арқылы саланың басты сегменттерінде ұлттық чемпиондарды құру, Лондон қор биржасынан төмен бағамен отандық тауар өндірушілерді шикізатпен қамту үшін бағаларды реттеу арқылы кәсіпорындарымыздың бәсекелестігін арттыру қажет.


Соңғы жаңалықтар