Индустрияландыру картасы аясында 72 инвестициялық жоба жүзеге асырылды-Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 2010 жылдан бері Индустрияландыру картасы аясында 158,8 миллиард теңгенің 72 инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің аймақтық коммуникациялар қызметінде өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен және республикалық басылымдардың меншікті тілшілерімен өткізген баспасөз мәслихаты барысында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бұл жолғы баспасөз мәслихаты бұрын қалыптасқан дәстүрден өзгеше жағдайда өткізілді. Облыс әкімі халықпен, оның ішінде сол халықтың сөзін сөйлеп, мұң-мұқтажын билік орындарына жеткізіп жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен емен-жарқын сөйлесті.

Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, 2010 жылдан бастап Индустрияландыру картасы аясында 158,8 миллиард теңгенің 72 инвестициялық жобасы жүзеге асырылған. Осы жобалардың жүзеге асуының арқасында 6,8 мың жаңа жұмыс орындары ашылған. Әлі де 11 жоба жүзеге асырылмақшы. Ойдағы жоспар жүзеге асқан кезде 4,3 мың жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарланған.

Өңірде шағын және орта кәсіпкерлік шаруасы да алға басуда. 2016 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда бұл орайдағы көрсеткіш 2,5 есе көбейген. Кәсіпкерлікке дем беретін инвестиция көлемі де артып келеді. 2016 жылғы сәйкес мерзімге қарағанда 121,4 пайызға өскен. Осындай ілкімді істің арқасында жұмыссыздық деңгейі біртіндеп азайып, әсіресе, жастарды жұмыспен қамту оң жолға қойыла бастаған. Орташа айлық жалақы мөлшері де 7,6 пайызға өсіп, 101,3 мың теңгені құрап отыр.

«Ақмола облысын негізінде аграрлық облыс деп атайды ғой. Меніңше, ауыл шаруашылығы ғана емес, біздің өлкеде өнеркәсіп те қарқынды дамуда. Ірі кәсіпорындар аз емес»,-деді облыс әкімі өз сөзінде.

Соңғы жаңалықтар