Индустрияландыру картасы: Атырау облысында бройлер етін өндіретін кешен іске қосылады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының Махамбет ауданында бройлер құсының етін өндіретін кешен іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы тұрғындар алдында есеп берген Махамбет ауданы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Мұқаш Зұлхарнай​ мәлім етті.

«Ауданда Индустрияландыру картасы аясында бірнеше жобаны іске қосу жоспарланды. Биыл «Meken Chiken» ЖШС-нің «Бройлерлік құс етін өндіру кешенін салу» жобасы жүзеге асады. Жобаның құны – 5,9 млрд теңге. Бұл жоба іске қосылғанда 79 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, «Жумағалиева» ШҚ ​ жылыжай жобасын іске қосқалы ​ отыр.​ Жылыжай жобасының құны 1,2 млрд теңге. Жаңа жылыжайда 40 адам жұмыс істейтіні көзделген. Қазір жылыжайдың құрылысы басталды. Оған 16 гектар жер учаскесі бөлінді» -деді Мұқаш Зұлхарнай.

Оның айтуынша, былтыр Махамбет ауданында Индустрияландыру картасы аясында 4 жоба іске қосылған. Оның ішінде​ «Бірінші май» ЖШС-нің үш жобасы бар. Бұл – сүт өндіру зауыты, биогумус өндіру кешені мен сүт өңдеу фермасын кеңейту жобасы. Ал, төртіншісі – «Сарайшық АТШ» ЖШС-нің ешкі сүтін өндіру фермасы.

Бұл жобаларда 125 жұмыс орны ашылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында алманың 32 түрінен шырын өндіретін цех ашылғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар