Индустрия министрлігі ресейлік жолаушылар вагонын сатып алуға 18,7 млрд теңге жұмсамақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жолаушылар вагонын сатып алу үшін 2019 жылдың нақтыланған бюджетінен 18,7 млрд теңге бөлуді сұрап отыр. Бұл туралы бүгін 2019 жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңға үкіметтік нақтылауларды талқылау барысында аталған ведомствоның вице-министрі Берік Камалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда 2246 жолаушылар вагоны болса, соның бүгінде 46 пайызының тозығы жеткен. Бұл вагондар жарамдылық мерзіміне байланысты қолданыстан алынуы тиіс. Ал біз оларды күрделі жөндеп, қалпына келтіру жұмысымен айналысып жатырмыз. 2018 жылы ғана емес 2017 жылы да »Қазақстан даму банкі лизинг« арқылы 30 млрд теңге сомаға вагондар сатып алып, ақшасын төледік және қазіргі уақытта бұл 63 вагонды алдық. Вагондар »Ақтөбе-Маңғыстау« бағытында жүреді. Олардың барлығы Тверь құрылыс зауытынан шыққан. Олар бізге жақсы жеңілдік ұсынады. Ал бүгінгі нақтылауда біз »ҚДБ лизинг« арқылы тағы да 18,7 млрд теңге сұрап отырмыз», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, нақтыланған бюджетте министрлік ұсынысы қабыл алынып, 18,7 млрд теңге бөлінетін болса, онда аталған қаражатқа жолаушылар вагоны сатып алынады. Вагондар «Алматы-Маңғыстау», «Ақтөбе-Маңғыстау» және Нұр-Сұлтан-Сарыағаш« бағыттарында жолға шығарылады. Осылайша аталған бағыттағы жолаушылар вагонының тапшылығы жойылады.

Соңғы жаңалықтар