Индустрия министрлігі мен Қазақстандық тұрғын үй компаниясы заңнаманы бұзған - агенттік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері жөнінде хабарламалар жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің дерегінше, Қазақстандық тұрғын үй компаниясы құрылыс компанияларының кепілдік беру туралы өтінімдерін қарау рәсімдерін негізсіз тоқтатып, кейінге қалдырып келген.

Қазақстандық тұрғын үй компаниясы баспана құрылысына үлестік қатысуға кепілдік беру тетігінің тұрақты және тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы міндетін атқарады. Бірыңғай оператор кепілді жағдай туындағанда үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға да жауапты.

«Атап өтетін жайт, үлескерлердің қаражатын тартудың ең тиімді тәсілі – «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігін алу, бұл аса маңызды. «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңға сәйкес, Қазақстанда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастырудың үш заңды тәсілі бар: «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігін алу; Екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу; құрылыс салушының өз қаражаты есебінен тұрғын үй ғимаратының қаңқасын тұрғызғаннан кейін ЖАО рұқсатын алу», - делінген ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ақпаратында.

Бұдан басқа, Қазақстандық тұрғын үй компаниясы инжинирингтік қызметтер көрсететін белгілі бір компаниялармен шарттар жасасуды міндеттеген. Аталған құқықбұзушылықты жою үшін Қазақстандық тұрғын үй компаниясына бір ай уақыт берілді.

Сондай-ақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңда көзделмеген артық талаптарды жою арқылы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы ережелерге өзгерістер енгізу жөнінде нұсқау берілді.


Соңғы жаңалықтар