Индустрия министрі: Өңдеу өнеркәсібінде 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
2021 жылғы 30 қараша 10:01

Индустрия министрі: Өңдеу өнеркәсібінде 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға дейін13,3 трлн теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібінің 490 жобасы іске қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік 2025 жылға дейін 13,3 трлн теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібінің 490 жобасын іске қосып, 102,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Жобалардың ең көбі: құрылыс индустриясында – 198, тау-кен металлургия кешенінде – 119, машина жасауда – 72», - деді Б. Атамқұлов.

Осы орайда ол секторлар бойынша ірі жобаларға тоқталып өтті. Тау-кен металлургия кешенінде Қарағанды және Павлодар облыстарында («QazFerroAlloys» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Ekibastuz FerroAlloys» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) жалпы инвестиция көлемі 166 миллиард теңгеден асатын ферроқорытпа және жартылай кокс өндірісі бойынша жобаларды іске асырып, 3 800 жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Ақмола облысында инвестиция көлемі 105 миллиард теңге болатын «RG Gold» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алтын өндіру фабрикасы іске асырылуда. Ең жоғарғы өңдеу қуаты жылына 5 миллион тонна кенді құрайды (2022 жылы пайдалануға беріледі).

«Химия өнеркәсібінде бірқатар негізгі жобаларды атап өтсем. Біріншіден, Жамбыл облысында кальцийленген сода өндіру жобасын «Qazaq Soda» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Yildirim Holding-пен бірлесіп іске асырады. Толық қуатына шыққанда жылына 500 мың тонна өнім шығарылады. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен өтеп, экспортқа шығаруға мүмкіндік береді (2023 жылы пайдалануға беріледі). Екіншіден, қуаты жылына 1 миллион тонна минералдық тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер шығаратын жоба («Еврохим-Қаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 432 миллиард теңге, 2 000 жұмыс орны). Бұл өндіріс азық-түлік қауіпсіздігін арттырып, елдің экспорттық әлеуетін (Қытай, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия, Таяу Шығыс) ұлғайтады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, машина жасау саласы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы аясында сәтті дамып келеді. Қостанай және Қарағанды облыстарында экспортқа бағдарланған 3 жоба іске асырылуда. Ал Павлодар облысында қуаты жылына 100 мың дана локомотив бандаждарын және 50 мың дана соғылған бұйымдар шығаратын ұста-бандаж кешені («Railcast Systems» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) іске асырылып жатыр (2024 жылы пайдалануға беру).

Құрылыс индустриясында керамикалық плиткалар өндіретін, қуаты жылына 6 миллион шаршы метр болатын «Зерде-Керамика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (2021 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі) және қуаты жылына 3 миллион шаршы метрге жететін MabetexGroup зауыттарын іске қосу жоспарланып отыр (2023 жылы пайдалануға беріледі).

«Фармацевтика саласында Нұр-Сұлтан қаласында «Евразия Финанс Груп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дайын дәрілік заттар (2024 жылы пайдалануға беріледі), Алматы қаласында «Viva Pharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сұйық дәрілік заттар өндірісі іске қосылады (2023 жылы пайдалануға беріледі). Жеңіл өнеркәсіпте – Шымкент қаласында «Альянс» сауда-өнеркәсіп компаниясының «Меланж» иіру-тоқу фабрикасы (2022 жылы пайдалануға беріледі) және «Ютекс-KZ» иіру фабрикасы пайдалануға беріледі (2023 жылы іске қосылады). Сондай-ақ «Әлем-БТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шұлық-ұйық бұйымдары өндірісі кеңейтіліп, қуаты жылына 2 миллион бұйымға жеткізіледі (2023 жылы пайдалануға беріледі)», - деді Б. Атамқұлов.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT