Индустрия министрі құрылыс материалдары бағасының ауытқуын болдырмайтын қадамдарды атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов құрылыс саласында келесі жылы ашылатын жаңа өндірістер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2022 жылы бірқатар жаңа өндіріс ашылады. Олардың ішінде мыналарды атап өтуге болады:

- «Orient Ceramic» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ірі көлемді керамика плиткаларды өндіру зауыты. Қуаттылығы 3 млн шаршы метр (инвестиция көлемі - 7 млрд теңге, 250 жұмыс орны);

- «Bolashak Electric» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жабық вакуумды ажыратқыштар мен микро-процессорлық жүйелерді өндіру зауыты (инвестиция көлемі – 3 млрд теңге, 100 жұмыс орны);

- «Valtherm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің радиаторлар өндіру зауыты (инвестиция көлемі – 3,6 млрд. теңге, 100 жұмыс орны);

- «SG Brick» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еліміздегі ең ірі кірпіш зауыты. Қуаттылығы жылына 100 млн кірпіш (инвестициялар көлемі –11,2 млрд теңге, 50 жұмыс орны).

«Ішкі нарықты отандық өндірістің неғұрлым сұранысқа ие құрылыс тауарларымен (санфаянс, ламинатталған жабын, шыны мақта, қыш тақтайша, бөлмеаралық есік, жылу оқшаулағыш материалдар) қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамымен бірлесіп жалпы сомасы 601,3 млрд теңгеге 35 импортты алмастыратын жобаны іске асырып, 8 616 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда», - деді Б. Атамқұлов.

Оның айтуынша, санфаянс, керамика плитка, минералдық жылытқыш, ағаш-жоңқа тақтасы сияқты отандық құрылыс тауарларымен қамтамасыз ету бойынша жаңа өндірістерді ашу көзделіп отыр.

«Бұл жобаларды іске қосу ішкі нарықтағы импорт үлесін шамамен 60 пайызға төмендетеді және құрылыс материалдары бағасының ауытқуын болдырмайды. Жаңа жобаларды іске қосу 2025 жылға қарай өнімнің 10-нан астам түрі бойынша орташа жылдық қажеттілікті 700 млн АҚШ доллары көлемінде өтеуге мүмкіндік береді. Тауар позициялары бойынша – темір бетон бұйымдары, бетон, құрғақ қоспа, лак бояу, кірпіш, шыны, кабель, ағаш-жоңқа тақталары және қасбеттік тақталар бойынша ішкі нарық сұранысын 100% жабу жоспарлануда», - деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, ішкі нарықтың 50% астамы импортқа тәуелді құрылыс материалдары - алюминий радиатор, полиэтилен құбыр, шатыр материалдары, радиатор, металл жабындар, есік блоктары, керамика плитка, санфаянс және арматура бойынша сұранысты жабу жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар