Индустрия мамандары мен топ-менеджерлер студенттердің дипломдық жұмыстарына жетекшілік етеді

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жоғары білім саласындағы өзгерістер нәтижесінде индустрия мамандары мен топ-менеджерлер студенттердің дипломдық жұмыстарын басқаруға жіберілмек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында айтты.

«Министрлік жаңа оқу жылының басталуына дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біріншіден, жоғары білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін одан әрі кеңейтуді көздейтін өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарына кадрларды даярлау бағыттарының ерекшеліктерін ескере отырып, жалпы білім беретін пәндер циклінің бірқатар пәндерінің мазмұнына дербес өзгерістер енгізу мүмкіндігін анықтайды. Енді жоғары оқуорындары білім беру мазмұнын өздері пішіндеуге және бағыттауға мүмкіндік алып отыр. Базалық және бейіндеуші пәндер блоктары кредиттерінің санын қатаң регламенттеу алынып тасталды. Ол да академиялылық еркіндіктің бір көрінісі», - деді Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ, ол нақты өндірісте жетістікке жеткен мамандарды академиялық процеске тарту күшейетінін атап өтті.

«ЖОО практик-мамандар мен топ-менеджерлерді студенттер мен магистранттардың дипломдық және зерттеу жұмыстарына жетекшілік етуге тарта алады. Индустрияда, өндірісте, басқа да салаларда жүрген мықты мамандарды тікелей академиялық процеске қосуға мүмкіндік беріп отырмыз.

Екіншіден, бұл – білім беру бағдарламаларының мазмұнын өзектендіру. Бүгінде жоғары оқу орындары еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды қалыптастыру үшін инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірледі. «Жаңа мамандықтар атласы» және «Халықтың кірісі» бағдарламасының аясындағы «Мамандығым – болашағым» бағыты бойынша осы жұмысты жүйелі түрде енгізіп жатырмыз», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар