Индонезиядағы ұшақ апаты: SCAT ақаулы ұшақ бойынша шұғыл шараларды қолға алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Boeing корпорациясы Индонезияда апатқа ұшыраған Boeing-737 МАХ 8 ұшағы туралы ақпараттық бюллетень шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, Қазақстанда бұл ұшақты тек SCAT әуе компаниясы ғана қолданып отыр. SCAT көлік құралын биыл сәуірде сатып алған.

Ақпараттық бюллетеньде ұшақ балансының бұзылуынан туған штаттан тыс жағдайда экипаж не істеу керектігі жазылған. Boeing компаниясы мұндай апаттың неден болатынын зерттеді. Компанияның айтуынша, аталмыш ақау штурвалды басқару кезінде ғана болады. Сол сәтте ұшақ өздігінен тұмсығымен тік құлдилайды екен. Бұл штаттан тыс оқиғаны қалпына келтіруге  кез келген санаттағы ұшқыштың тәжірибесі жетеді,  арнайы білім алудың қажеті жоқ.

SCAT әуе компаниясы аталған нұсқаулықты алысымен шұғыл түрде осы маркалы ұшақтың экипажына қажетті инструкция таратылды. ҚР Азаматтық авиация комитетіне жақын арада Boeing компаниясынан апаттық директива жіберіледі. Айта кету керек, қазіргі таңда Boeing бұл ұшақтардың пайдаланылуына шектеу қойған жоқ.

Еске салайық, Индонезияның Lion Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы 29-қазанда апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін 13 минуттан соң жерге құлаған. Джакарта-Панкал-Пинанг рейсі бойынша бағыт алған лайнерде 8 экипаж мүшесі мен 189 жолаушы болған. Жолаушылардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ. 

Осы оқиғаға орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады. 

Соңғы жаңалықтар