Индонезияда жанартау құрсауында қалған 500-ден астам турист құтқарылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезияның Ломбок аралында Ринджани жанартауынан 500-ден астам турист құтқарылды, олардың көпшілігі шетелдіктер. Бұл туралы France-Presse (AFP) агенттігі хабарлайды.

«543 турист эвакуацияланды. Олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ», - деп мәлімдеді жергілікті құтқару қызметінің өкілдері.

Еске сала кетейік, Индонезиядағы жер сілкінісінен кейін Ринджани жанартауы маңындағы тауда 800 турист құрсауда қалған болатын.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 29 шілдеде Матарам (319 мың тұрғын) қаласының төңірегінде күші 6,4  балдық жер сілкінісі болған еді. Зілзаланың ошағы 7,5 шақырым тереңдікте орналасқан.

Kyodo агенттігінің ақпаратына сәйкес, зардап шеккен ауданда тербелісі 5,7-ге дейін 11 жерасты дүмпуі тіркелген. Соның салдарынан, 14 адам қаза болып, 100-ден астамы жарақат алды.

Айта кетейік, ҚР Сыртқы істер министрлігі Ринджани жанартауы маңындағы тауда қоршауда қалған туристердің арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеген болатын.

 

Фото:epa/vostock-photo

Соңғы жаңалықтар