Индонезияда су тасқыны салдарынан 70-тен астам адам қайтыс болды

None
None
ДЖАКАРТА. ҚазАқпарат – Индонезия билігі жексенбіде Шығыс Индонезия мен көршілес жатқан Шығыс Тиморда су тасқыны мен көшкін салдарынан 70-тен астам адам қайтыс болды деп мәлімдеді және құрбан болғандардың саны артуы мүмкін екенін ескертті. 42 адам әлі хабарсыз кеткен деп саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Нөсер жаңбыр Индонезиядағы Флорес аралынан Индонезия архипелагының шығысындағы шағын мемлекет - Шығыс Тиморға дейінгі аралдарда үйлерді қиратып, зобалаң тудырды. Шығыс Тимор астанасы Дилидегі су тасқынынан 11 адам қайтыс болды деп хабарланады. Билік қаза тапқандар мен жараланғандардың саны әлі де артуы мүмкін деп ескертті.

Шығыс Флорес округінде 60 адам қайтыс болды, олардың көпшілігі Леманеле ауылынан. Бұл деректер әлі ресми расталған жоқ. Зардап шеккендер көрші ауылдарға эвакуацияланды.

Жексенбіде көршілес Батыс Нуса-Тенгара провинциясындағы Бима қаласында тағы екі адам су тасқынынан қайтыс болды, деп хабарлайды төтенше жағдай агенттігі.

Төрт аудандағы бөгеттер де істен шығып, Бимадағы 10 000 үйді 9 сағат қатарынан жауған нөсер салдарынан су басты. Маусымдық жаңбыр көбінесе Индонезия архипелагында су тасқыны мен жер көшкінін тудырады. Қаңтарда Индонезияның Батыс Ява қаласындағы Сумеданг қаласында су тасқыны болып, 40 адам қаза тапқан еді. Өткен жылдың қыркүйегінде Борнеодағы көшкін салдарынан 11 адам қайтыс болды. Елдің Төтенше жағдайлар агенттігі 125 миллион индонезиялық (ел халқының жартысына жуығы) көшкін қаупі бар жерлерде тұрады деп есептейді.

Экологтардың пікірінше, табиғи апаттар көбінесе орманды отау салдарынан болады. Еске салайық, ақпан айында Индонезия астанасының 1300-ден астам тұрғыны нөсер жаңбырдың салдарынан болған су тасқыны үшін үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Бірнеше өзен бір мезетте арнасынан шықты.


Соңғы жаңалықтар