Индонезияда Мерапи жанартауы атқылай бастады

None
Фото: AP Photo/ Slamet Riyadi
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мерапи жанартауының атқылауы сенбі күні Ява аралында басталды.

Agence France-Presse-тің хабарлауынша, жанартау кратерінен будақтатып түтін шығып, отты лава беткейлерден төмен қарай ағып жатыр. Бұл туралы ҚазАқпарат ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мерапиді бақылайтын ғылыми станцияның мәліметінше, жанартау өзегінен шығып жатқан түтін 1300 метр биіктікке көтерілген. Қауіптілік бес деңгейдің екіншісіне дейін көтерілді. Көрші елдімекен тұрғындарына сақтық танытып, құзырлы органдардың хабарландыруларына құлақ асуға кеңес берілді.

Индонезия аумағында шамамен 130 жанартау бар. Биіктігі 2910 м Мерапи ең белсенділердің бірі болып саналады. Ең көп адам өліміне әкелген жанартау атқылауы 1930 жылы тіркелген, ол кезде 1300 адам қаза тапты, ал 2010 жылы атқылағанда зардап шеккендер саны 300 адамға жетті. Бұл жолы зардап шеккендео туралы хабарланған жоқ.


Соңғы жаңалықтар