Индонезияда құлаған ұшақтың ішінде қазақстандықтар жоқ -СІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индонезияда апатқа ұшыраған ұшақтың ішінде қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы ҚР СІМ-де өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы ақпарат белгілі болғаннан кейін бірден біз өзіміздің Индонезиядағы елшілікке хабарластық. Ондағы елшілік өз кезегінде Индонезияның Төтенше жағдайлар министрлігімен байланыс орнатты. Қазіргі таңда Индонезиядағы Төтенше жағдайлар органының алдын ала мәліметі бойынша, аталмыш ұшақтың жолаушыларының арасында Қазақстан азаматы жоқ», - деді Айбек Смадияров.

Еске сала кетсек, Индонезияның Lion Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы бүгін таңертең апатқа ұшыраған болатын. Jakarta Post ақпараты бойынша, ұшақ  жергілікті уақытпен таңғы сағат 6:20-да әуеге көтерілген. 13 минут өткеннен кейін ұшақ радардан жоғалып, онымен байланыс үзілген.

Индонезия құтқару қызметінің ақпараты бойынша, Джакартадан Панкалпинангқа ұшып бара жатқан Boeing 737 MAX 8 ұшағы теңізге құлаған. Бортта қанша жолаушы және экипаж мүшесі болғаны туралы, сондай-ақ ұшақтың неліктен апатқа ұшырағаны жайлы әзірге нақты ақпарат жоқ.

 

Соңғы жаңалықтар