21:24, 09 Қаңтар 2021 | GMT +6
Индонезияда Boeing 737 ұшағы апатқа ұшырады
ЖАКАРТА. ҚазАқпарат - Индонезияда Жакарта-Понтианак рейсіне аттанған Sriwijaya Air әуе компаниясының жолаушы ұшағы апатқа ұшырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.
Индонезия үкіметінің мәліметінше, бортта 65 адам болған, оның 53-і жолаушы (10 бала) және 12 экипаж мүшесі.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша Boeing 737-524 ұшағы Жакартадан ұшып шыққаннан соң 4 минуттан кейін теңізге құлаған. Қазір лайнердің сынықтары мен адам денелері Ява теңізінен байқалған.
Апатты көрген балықшылардың айтуынша, ұшақ әуеде жарылып кеткен. Апаттың толық мән-жайы әзірге белгісіз.
Flightradar порталының мәліметінше Boeing 3 мың метр биікке көтерілген.
Еске сала кетсек, 2018 жылы 29 қазанда Жакартадан Панкалпинангіге ұшып бара жатқан Lion Air әуе компаниясына тиесілі Boeing 737 MAX 8 ұшағы теңізге құлаған болатын. Ұшақ апатында 189 адам қаза тапқан.
ФОТО/Reuters