Индонезия жоғалған сүңгуір қайықты іздеуге 21 кеме жіберді

None
None
СИНГАПУР. ҚазАқпарат - Индонезиялық құтқарушылар жұма күні Бали теңізінде жоғалып кеткен «Нангала» сүңгуір қайығын іздеуді қайта бастады. Операция аймағында барлығы 21 кеме, соның ішінде тереңдікті барлайтын теңіз аппараттары бар океанографиялық кеме тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Kompas басылымына сілтеме жасап.

Бейсенбі күні Малайзия мен Сингапурдан іздестіру аймағына сүңгуір қайықтарды қолдау және құтқару кемелері келді. Сингапурдың әскери-теңіз күштері сенбіде Индонезияның Бали аралының солтүстік жағалауына, ал Малайзияға бір күннен кейін келеді деп күтілуде.

Пентагон өкілі Джон Кирби АҚШ әуе құралдарын көмектесуге жіберетінін айтты. Индонезия әскери-теңіз күштерінің штаб бастығы адмирал Юдо Маргононың айтуынша, бортта оттегі сенбі күнгі таңертеңге дейін жетуі мүмкін.

Алдын ала есептеулер бойынша, сәрсенбіде жоғалған сүңгуір қайық Бали аралының солтүстік жағалауынан шамамен 90 км қашықтықта болуы ықтимал. Бұған дейін Индонезия Қорғаныс министрлігі субмаринаның жойылу аймағында май дақтары пайда болғанын хабарлады. Бортында 53 адам бар «Нангала» дизельді сүңгуір қайығы Бали теңізіндегі торпедалық ұшыруларға қатысқан болатын.


Соңғы жаңалықтар