Индонезия футболдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын өткізбейтін болды

None
АСТАНА.ҚазАқпарат – Индонезия 2023 жылы 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында футболдан әлем чемпионатын қабылдай алмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ФИФА сайтына сілтеме жасап.

«Халықаралық футбол федерациясының президенті Джанни Инфантино мен Индонезия футбол қауымдастығының президенті Эрик Тохираның кездесуінің қорытындысы бойынша ФИФА Индонезияны U20 жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын өткізетін елдерден шығару туралы шешім қабылдады» ,-деп хабарлады ФИФА баспасөз қызметі.

Чемпионат Индонезияда 20 мамыр мен 11 маусым аралығында өтуі керек еді, бірақ оған Израиль жастар құрамасының қатысуы дау тудырды. Индонезиядағы кейбір партиялар израильдіктердің қатысу құқығынан бас тартты, өйткені Израильдің Палестинаны жақтаушы Индонезиямен дипломатиялық қарым-қатынасы жоқ.

Бали губернаторы Ваян Костер әлем чемпионатының жеребесі қарсаңында Израильдің Балиге келуіне үзілді-кесілді қарсы болғандардың бірі болды. Ақырында Индонезия президенті Джоко Видодо мәселенің шешімін табу үшін жергілікті федерацияның төрағасы Эрик Тахирді Инфантиномен кездесуге жіберуге шешім қабылдады. Екі жақ келісімге келмеген сияқты.

«Чемпионатқа ие болатын ел жақын арада жарияланады, турнирдің өтетін күндері өзгеріссіз қалады», - делінген ФИФА мәлімдемесінде.


Соңғы жаңалықтар