Индира Азимбаева: Бүйрек ауруларына шалдықпас үшін ас мәзіріне мән беру қажет

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бүйрек – адам ағзасының ең күрделі механизмі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, бүгінде әлем халқының 10 пайызы бүйрек ауруларының зардабын тартуда. Осындай дерті бар қазақстандықтар МӘМС аясындағы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі арқылы ем-дом алып жатыр. ҚазАқпарат тілшісі Шығыс Қазақстан облысында нефрологиялық ауруға шалдыққан тұрғындарға қандай қызмет көрсетіліп жатқаны жөнінде өңірдің бас нефролог маманы Индира Азимбаевамен сұхбаттасқан болатын.

- Облыс бойынша созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар тұрғындарға қандай медициналық көмек көрсетілуде?

- Қазіргі таңда жоғары технологиялы және қымбат ем-дом алу сақтандыру қоры жүйесі іске қосылғаннан бастап қолжетімді болып отыр. Амбулаториялық-емханалық көмек науқастарға гемодиализді орталықтарда жасалады. Қазір тіпті стационарға жатып емделудің де қажеті жоқ. Күндізгі ем беретін орталықтар тек Өскемен, Семей қалаларында ғана емес, шалғай жатқан аудандарда да жұмыс істеп тұр. Өңірде қазір 350 науқас бағдарламалық гемодиализ қызметін алуда. Оның ішінде перитонеальды диалезбен үш бала қамтамасыз етілді. 53 пациент донорлық бүйректен кейінгі қажетті ем алуда. Науқастардың емі, қажетті дәрі-дәрмектері де мемлекет есебінен төленген. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі арқылы жүзеге асырылуда.

- Осы бағытта медициналық қызмет көрсететін мекемелердің сапасы қандай?

- Қазіргі таңда Өскеменде - 4, Семейде - 2 диализ орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар Зайсан, Аягөз қалаларында амбулаторлық диализ орталықтары ашылған. Терминалды созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын науқастар үшін бұл айтулы жаңалық болды. Себебі бұрын гемодиализ процедурасын алу үшін Семейге қарай сабылатын. Бұл орталықтар толықтай қажетті заманауи қондырғылармен жабдықталған. Соның арқасында пациенттерге сапалы көмек көрсетілуде.

- Диализ алатын науқастардың өмір сүру сапасы жақсара ма?

- Әлбетте, пациенттеріміздің арасында 84 жастағы қария да бар. Біз оларға мойымай, өмір сүруге құлшынысты арттыруға көмектесеміз. Оның үстіне, науқастарға ең басты «алтын» ережені сақтау керек. Ол – дәрілерді уақтылы қабылдап, денсаулығына қатысты айтылған кеңестердің барлығын орындауы тиіс.

- Бүйректі ауру-сырқаудан сақтау үшін қандай кеңес бересіз?

- Міндетті түрде үнемі су ішіп жүру. Сондай-ақ судың сапасына мән беріңіз. Қазір су сүзгілерінің де неше түрі бар. Соның ең сапалысын орнатып, таза суды күнделікті ішіп отыру қажет. Әр келі салмағыңызға 30 мл шамасында есептеп, кешкі сағат 19.00-ге дейін ғана ішкен жөн. Әйтпесе түнге қарай бүйрек жұмысына салмақ түседі. Күніне 4 стақан су ішсе жеткілікті. Жасыңыз қырықтан асты ма, қан қысымын жиі өлшеп тұру керек. Ал жасы 35-тен асқан әрбір жан жылына бір рет қанындағы қант мөлшерін біліп тұрғаны абзал. Сонымен қатар қан құрамындағы гемоглобин мөлшерін тексеріп отыру қажет. Таңғы асқа ботқа жеп, күнделікті рационға бір ас қасық зәйтүн майын, балық майын пайдалану, көкөністер мен жеміс-жидекті көбірек тұтынып, қызыл етті азайтып, оның орнына ақ ет жеп, құс етін көбейту керек. Соншалықты қолдан келмейтін дүние емес, бірақ біз соған мән бермейміз. Ал бұлар бүйректі аман сақтаудың кепілі дер едім.

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар