Індетпен күресте қалыптасқан позитивті трендті бекемдеу керек - Рахым Ошақбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев карантин шараларын екі аптаға ұзарту туралы Президенттің тапсырмасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тиісті шешім қабылданды. Бұл шешімнің негізі бар деп есептеймін. Жағдайды оптимизммен бағалайтындай себептер де бар. Қазақстанда коронавирусты жұқтыру жағдайы тәулігіне 4 пайыздан 2,1 пайызға дейін азайды. Жансақтау бөліміндегі төсек орындар да айтарлықтай босауда. Менің ойымша жаңадан келген Денсаулық сақтау министрі қазіргі мәселені ойлы түрде шеше бастады. 3400-ге тарта мобильді бригада құрылды. Осының бәрін позитивті тренд деп бағалауға болады», - деді сарапшы телефон арқылы айтқан пікірінде.

Рахым Ошақбаевтың айтуына қарағанда, қазір қалыптасқан позитивті трендті бекемдеу керек.

«Меніңше, алдағы екі апталық карантиннің енгізілуінің негізі бар. Өткеннен сабақ алуымыз керек. Өздеріңіз білетіндей, карантинде болдық та, аздап босаңсып, соның салдарын көрдік. Сол себепті бұл індетті одан ары азайтуды амалдарын қарастыру керек. Бұл шешімді қолдаймын», - деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, карантин шараларын екі аптаға ұзартуды тапсырған болатын.


Соңғы жаңалықтар