Импортты ығыстыру: Ресейден болат тасымалдау тоқтауы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Машина жасауды дамытудың 2019-2030 жылдарға арналған бағдарлама жобасында зауыттарды отандық техникалық құрышпен қамтамасыз ету қадамдары қамтылды. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен брифингте мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Машина жасау саласы металлургиялық өнімді басты тұтынушылардың бірі болып саналады. Бүгінде болаттың ерекше түрлерін негізінен Ресейден импорттаймыз. Өткен жылы Қазақстан машина жасаушыларының форумында осы мәселені көтерген болатынбыз, яғни біз үшін бұл бағыт өте өзекті. Жылына ұстаханаларға, машина құрылысына беріктігі жоғары кем дегенде 100 мың тонна болатты өндіруіміз керек, себебі осының барлығы импорт. Машина жасау саласын дамытудың қарқынын ескерсек, таяу жылдары бұл мәселенің өзектілігі арта түседі», - деді Мәжіліс депутаты, Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пшембаев.

Өз кезегінде ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр машина жасау саласын дамытудың 2019-2030 жылдарға арналған бағдарлама жобасында мемлекет тарапынан қолдаудың институционалды шараларынан бөлек, машина құрылысына қажетті құрышты өндіру қадамдары ескеріліп отырғандығын атап өтті.

«Импортты ығыстыруға арналған бағдарлама саланың барлық бағыттарын қамтуы тиіс. Сондықтан отандық кәсіпорындарды шикізатпен толықтай қамтамасыз ету - талқыланып жатқан осы бағдарламаның негізгі басымдықтарының бірі», - деп түйді Р. Скляр.

Айта кетейік, 20-21 қыркүйек күндері Астанадағы EXPO-қалашығы аумағында дәстүрлі Қазақстан машина жасаушыларының дәстүрлі VI Форумы өтеді. Белгілі болғандай, форум қорытындысы бойынша 2019-2030 жылдарға арналған Қазақстан машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарының жобасы ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар