Импортқа тәуелді болмас үшін қандай индустриялық жобалар қолға алынған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Орталық коммуникациялар қызметі алаңында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бастаған салаға жауапты құзырлы орган басшылары елімізде іске асып және жоспарланып жатқан идустриялық жобалар туралы сөз қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолға алып жатқан индустриялық жобалардың басты мақсаты – ішкі өндіріс көлемін арттырып, импортқа тәуелділікті жою.

Олай болса министр Қайырбек Өскенбаев айтып өткен басты индустриялық жобаларға тоқталып өтсек.

Түсті металлургия

Түсті металлургияда 2025 жылға дейін 12 негізгі жобаны іске асыру жоспарлануда. Алюминий бойынша 830 мың тонна отандық глиноземді өңдейтін жаңа электролиз зауытын салу қажет. Ол бастапқы алюминий экспортын 4 есе, яғни 1,2 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мыс өндіру

Мыс бойынша 1,1 млн тонна отандық мыс концентратын өңдейтін жаңа мыс балқыту зауытын салу қажет. Бұл катодты мыс экспортын 2 есе, яғни 3 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мыстан дайын бұйымдар шығаратын зауыттар салу қажет. Атап айтқанда қуат кабельдері, созба сым және сымдар, мыс құбырлары мен түтіктер. Бұл экспортты 200 млн АҚШ долларына арттыруға мүмкіндік береді.

Машина жасау

Машина жасау саласында 21 негізгі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Негізгі бағыттары – импортты алмастыру бойынша жобаларды іске асыру. Оның ішінде автомобиль шиналары, тұрмыстық техника, компьютерлік жүк автомобильдері, металл өңдеудің автоматтандырылған желілері, мұнай-газ жабдығы және тағы басқа.

Химия өнеркәсібі

Химия өнеркәсібінде 2025 жылға дейін 18 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ол жобалар кальцийленген сода, полипропилен, натрий цианиді және минералдық тыңайтқыштар өндірісіне қатысты. Өндірілген өнім ішкі нарықпен шектелмей (823 млн АҚШ долларына импортты алмастыру.), экспортқа (2 750 млн АҚШ долларына) бағытталады.

Құрылыс материалдары

Құрылыс материалдары өндірісінде 24 негізгі жобаны іске асыру көзделіп отыр. Олар 890 млн АҚШ долларына импортты алмастырып, сондай-ақ экспорт көлемін 206 млн АҚШ долларына арттыруға мүмкіндік береді. Керамикалық плиталар, автоклавты газоблоктар, жылу оқшаулағыш материалдар, сэндвич-панельдер сияқты тауар түрлері бойынша 100% импортты алмастыру жоспарланып отыр.

Жеңіл өнеркәсіп

Жеңіл өнеркәсіпте 2025 жылға дейін мақта бойынша отандық шикізатты қайта өңдеуге, сондай-ақ иірімжіп, маталар, тоқыма бұйымдарын өндіруге бағытталған 7 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Жоспарланып отырған жобалар отандық мақтаны түгелдей ел ішінде қайта өңдеуге, сондай-ақ иірімжіп экспортын 3 есе, 50 млн АҚШ долларына дейін, мата экспортын 5 есе, 40 млн АҚШ долларына дейін, трикотаж бұйымдары экспортын 48 млн АҚШ долларына дейін арттырып, ішкі нарықта 48 млн АҚШ долларына импортты алмастыруға мүмкіндік береді.

«Осылайша, 131 индустриялық жобаны іске асыру арқылы 38 мың жұмыс орнын құру жоспары тұр. Бұл өз кезегінде 4 млрд АҚШ долларының импортын алмастырып, шикізаттық емес экспортты 9 млрд АҚШ долларына арттыруға мүмкіндік береді», - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев брифингте.


Соңғы жаңалықтар