Импорт теңге бағамына үнемі қысым жасайды - Ұлттық банк

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Импорттан валюта бағамына қысым әрдайым болады. Ұлттық банктің төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаев осылай деп түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Импорттан валюта бағамына қысым әрдайым болады. Бұл – оны төлеуде импорттың шетел валютасына сұраныс тудыратындығымен байланысты. Алайда, мұнда қазақстандық ерекшеліктерді де ескеру қажет. Бұл дегеніміз: аралық және инвестициялық импорттың кейбір бөлігі шетелдік тікелей инвестиция арқылы қаржыландырылады. Яғни, импорт көлемі ішкі валюта нарығы арқылы өтпейтіндіктен, олар теңге бағамына қысым көрсетпейді. Ішкі нарықтағы валютаға сұранысты аралық және инвестициялық импорттың фискалдық шығыстар мен шетелдік инвестиция қаржыландырмайтын бизнес қаражаты есебінен сатып алынатын бөлігі, сондай-ақ тұтыну импорты тудырады», - дейді департамент директоры.

Оның айтуынша, аралық және инвестициялық тауарлар импорты оларды әрі қарай пайдаланудың тиімділігімен ақталады, себебі, ол ішкі өндірістің дамуына ықпал етеді.

Тұтыну тауарларынан біз импортты ауыстыру және сол арқылы айырбастау бағамына қысымды төмендету мүмкіндігін көреміз.

Кейбір салыстырмалы түрде қарапайым позицияларды – ресурстарды тиімді әрі ұтымды пайдалану арқылы ел ішінде де шығаруға болар еді.

Мұндай тауарларға, мысалы, қант, алма, шұжық, құс еті, тұрмыстық химия, киім-кешек пен аяқ киімді жатқызуға болады.

Осылайша, 2021 жылы тұтыну импортының айтарлықтай үлкен көлемде жеткізілуі шетел валютасына деген сұраныстың артуына ықпал еткен негізгі факторлардың бірі болды.

« Ресей – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Оның 2021 жылғы импорттағы үлесі 42%-ды құрады (соңғы 5 жылда орта есеппен – 38% ). Биыл импорт қаншалықты азаяды немесе ол жалпы қысқаруы мүмкін бе, бұл – санкциялардың көлемі мен ұзақтығын, әлемдік инфляцияның динамикасын, басқа логистикалық тізбектерге тез арада қайта бағыттау мүмкіндігін, халықтың сатып алу қабілетін және Ресейдің белгілі бір тауар топтарын шығаруға ішкі тыйымдарын қамтитын әртүрлі факторларға байланысты болады. Мысалы, өткен жылы импорттың басым бөлігі ресейлік автомобильдер мен олардың жабдықтарынан құралған болатын. Алайда, бүгінгі санкциялық шектеулерге байланысты Ресей Федерациясындағы автомобиль зауыттары жабылып жатыр. Бұл, әлбетте, біздің нарыққа да ықпал етпей қоймайды. Тағы бір мысал ретінде келтірейін, Ресей қант экспортын тоқтатты. Сондай-ақ шет елдерден әкелінетін тауарлардың бір бөлігі бізге Ресей аумағы арқылы жеткізілетін. Бұл жерде тауар бағасын көтеріп жіберетін солтүстік көршіміздегі инфляция қарқынын да ескеру қажет», - дейді Азат Өскенбаев.

Барлығы валюта бағамына, екі ел арасындағы инфляциялық дифференциалға, логистикалық тізбектегі ахуалға және Ресейден белгілі бір тауарларды шығаруға тыйым салудың одан әрі қалай қалыптасатынына байланысты болады.

Оның сөзіне сенсек, сәуір айының соңында жарияланатын 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы төлем балансын алдын ала бағалау кезінде бұл сұраққа анағұрлым нақтырақ жауап болады.


Соңғы жаңалықтар