Иммунитетті күшейтудің негізгі жолдары қандай - маман кеңесі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылық дәрігерлер ҚазАқпарат тілшісіне адам ағзасында коронавирусқа қарсы тұрақты иммунитеттің қай жағдайда қалыптасатынын және инфекциялық ауру кезінде антидененің рөлі қандай екенін айтып берді.

Алматы Фтизиопульмонология орталығының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, пульмонолог Абзал Малбасқановтың айтуынша, инфекциялық процесс антидененің екі түрін өндірумен қатар жүреді.

«Бұл – IgM және IgG. Иммуноглобулин (M) (бұдан әрі IgM) ол инфекция басталған кезде дамиды. Аурудың өткір кезеңінде максимумға жетеді, содан кейін біртіндеп азаяды, жазылғанша толық жоғалады. Иммуноглобулин (G) организмде вирус пайда болғаннан кейін 21-28 күн өткен соң өндіріле бастайды. Бірақ қазір бүкіл әлем ғалымдары титрдың төмендеуін, сондай-ақ COVID-19 антиденесінің санын бақылап отыр. Егер адамда коронавирустың жеңіл түрі болса, онда антидене организмде ондай титрде болмайды. Иммунитет үш түрге бөлінеді. Қысқамерзімді, ұзақмерзімді және өмір бойғы. Бізде вирусқа қарсы қандай иммунитет бар-жоғын зерттеу қажет. Бұл уақыт еншісінде. Бүгінгі күні барлық ғалымдар титр азаяды және өмір бойғы иммунитет қалыптаспайды деген пікір білдіруде. Себебі бұл вирус мутацияға ұшырауы мүмкін. Уханьда өлім-жітім 3%-ға дейін болғанын еске түсірейік. Ал Италияда вирус мутацияға ұшырап, адам өлімі 5-6% дейін өсті. Егер адам ауырған болса, оның денесінде бұл вирус туралы ақпарат қалады және оны қайтадан жұқтыруы мүмкін. Бірақ генетикалық материалдың негізгі құрылымдары жасушалық иммунитет деңгейінде болады»,– дейді дәрігер.

Сонымен қатар, ол адамның иммунитеті мен қан тобы инфекцияға қалай әсер ететінің бақылап көргендерін жеткізді.

«Жалпы мұны ғалымдар растаған жоқ. Біз сондай-ақ науқастарды бақылауға тырыстық және қан тобын алдық. Әртүрлі қан болды. Мынандай қан тобындағылар ауырмайды деп кесіп айтуға болмайды. Себебі біз бәріміз адамбыз. Бәріміздің генетикалық құрылымымыз бірдей, дегенмен әркімнің қан тобы әртүрлі. Денсаулықты сақтау салауатты өмір салтын ұстануға байланысты. Аурудан айыққан кей адамдар ескі әдетімен өмір сүре бастайды. Денсаулыққа зиян тағамдар мен түрлі сусындарды тұтынады. Бұл дұрыс емес»,– дейді ол.

Спикер бүгінде коронавирустың алдын алу үшін маска тағу - ең негізі амал болып тұрғанын атап өтті.

«Бұл - пандемия кезіндегі әлеуметтік жауапкершіліктің ең өткір мәселесі. Себебі, адамдар коронавируспен ауырдым және маған енді жұқпайды деп ойлайды. Алайда олардың басқаларға жұқтыру қаупі әрқашан бар. Бір рет ауырған адамдардың қайтадан ауыру қаупі бар екенін айтқым келеді. СОVID-19-ды қайта жұқтыру қаупі жоқ деген сөзге ғылыми дәлел жоқ. Бір масканы екі сағаттан артық тағуға болмайды. Матадан жасалған маскалар бар. Оларды ұзақ қолдануға, қайтадан жуып, дезинфекция жасап, қайтадан таға беруге болады. Респираторлық клапаны бар маскадан гөрі толық жабылып тұратын түрі әлдеқайда тиімді. Егер адам ауырып тұрса немесе вирус тасымалдаушы болса, онда ол шығаратын ауа атмосфераға түсіп, келесі адамға жұғуы мүмкін»,– деді Абазал Малбасқанов.

Өз кезегінде, Алматы қаласы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жоғары санатты педиатры Әлия Амангелдиева балалардың иммунитетін күшейтудің негізгі жолдарын айтып берді.

«Иммунитет – адам денсаулығын сыртқы жағымсыз әсерден сақтап, бактерия, микроб, вирус сынды бөтен ағзалар мен инфекцияларға қарсыласатын ағзаның қорғаушы әрекеті. Иммунитеттің екі түрі болады - туа біткен және жүре пайда болған. Туа біткен иммундық жүйе тұқым қуалайды. Ол бала дүниеге келген сәттен бастап белсенді болады. Ол теріден, тыныс алу, асқазан-ішек және зәр шығару жолдарынан тұратын шырышты қабықтан тұрады. Мұның бәрі сіздің балаңыздың ағзасын қорғауға көмектесетін физикалық кедергілерді тудырады. Ал, уақыт өте келе пайда болған иммундық жүйе адам ағзасын қорғау үшін жасушалар (антиденелер) қалыптастыру үшін туа біткен жүйені пайдаланады. Бұл антиденелерді В– лимфоциттері деп аталатын жасушалар жасайды. Жүре пайда болған иммундық жүйе өзгереді. Яғни, иммундық жүйеге зиянды аурулардан сақтайтын антидене қалыптастыруға жаттығады. Адам ағзасы иммундық жүйенің мықтылығынан түрлі ауруларды жеңіп шығады»,– дейді дәрігер.

Сонымен қатар, ол баланың иммунитетін қалай көтеруге болатынын айтты.

«Ана сүті баланың иммунитетін көтереді. Бұл ғылыми дәлелденген. Сондықтан баланы бір жасқа дейін емізген абзал. Ана сүті ақуыздарға бай. Ал, ересек балаларға келетін болсақ, оларға гигиена ережелерін үйрету керек. Баланы таза ауаға жиі шығарып, күндіз бір уақыт ұйықтатып алған дұрыс. Мүмкіндігінше баланы сырттан тамақтандырмаған жөн. Ең бастысы, жиі ауырып қалмас үшін балаңыздың иммунитетін көтеру керек. Баласы жиі ауыратын ата-аналарға айтарым. Тазалық. қолды жиі жуу қажет. Ол түрлі вирустар мен бактериялардан қорғайды. Жеміс-жидек пен көкөністе көбірек пайдаланған жақсы. Балаға суық су бермеген дұрыс. Суып қалған тамақты міндетті түрде жылытып беру қажет»,– деп атап өтті Әлия Амангелдиева.

Дәрігер үш жасқа дейінгі балаға антибиотик бермеу керектігін тілге тиек етті.

«Антибиотиктер - бұл медицинадағы маңызды жетістіктердің бірі және оны дұрыс қолданған кезде адам өмірін сақтайды. Сонымен қатар, антибиотиктер зиянды жанама әсерлерге де ие болуы мүмкін. Кейде иммундық жүйеге қарсы жұмыс істейді. Атибиотиктер бактерияларға әсер етеді, бірақ вирустарға емес. Бактерияға қарсы препараттарды қабылдау арқылы Сіз иммунитетіңізді әлсіретесіз. Күз және қыс мезгілінде дәрумендер қабылдаған жөн. Мәсалы күнделікті тұтынып жүрген тағамдарда дәрумендер, минералдар және микроэлементтер бар. Оны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан дәріханаларда сататын витаминдерді қабылдаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Профилактикалық шара туралы айтатын болсақ, онда денсаулыққа пайдалы өнімдерді қабылдасақ болғаны. Мысалы, жидектер антиоксиданттарға, дәрумендерге, минералдарға және амин қышқылдарына бай. Әсіресе балаларға пайдалы. Ол иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі. Майлы балықтарда бүкіл ағзаға арналған бірінші нөмірлі қабынуға қарсы құрал - омега-3 майлары бар. Онда Е дәрумені бар. Жұмыртқа - бұл ақуыздың керемет көзі және ағзаға кальцийді сіңіруге көмектесетін D дәрумені бар тағамдардың бірі. Сондай-ақ, жұмыртқа құрамында темір, А дәрумені және В тобындағы дәрумендердің көп мөлшері кездеседі. Апельсин, киви, қызыл және сары бұрыш, қызылшада С дәрумені бар. Жалпы, қанық түсті жеміс-жидектер антиоксиданттарға бай. Олар микробтармен күреседі. Витаминдер - бұл қарсы көрсеткіштері бар дәрі-дәрмектер. Олар көптеген жанама әсерлер тудыруы мүмкін, сондықтан оларды дәрігердің нұсқауымен ғана қолдану керек»,– деп қортындылады дәрігер.


Соңғы жаңалықтар