Иммунитетті көтеретін сиқырлы таблетка жоқ – дәрігер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, дәлелді медицина сарапшысы Рафаиль Қыпшақбаев «Красивый бизнес. Азия» фестивалінде коронавирус инфекциясы туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сонымен бірге, дәрігер өзінің Instagram-дағы @drrafhuan парақшасында да қазақстандықтарға коронавирус инфекциясы мен тұтас медицина бойынша ақыл-кеңес беріп отырады.

- Қазіргі уақытта коронавирус туралы ақпарат пен дақпырт көп. Бұл ақпараттың жылдам тарауы заманауи технологиялармен байланысты болуы мүмкін бе?

- Иә, дұрыс айтасыз. Статистикалық тұрғыда коронавирусқа қарағанда тұмау мен өкпе қабынуынан көп адам қайтыс болады. Бірақ бұл – жаңа әрі тез дамып келе жатқан инфекция. Әрине, қауіптілігі кем түспейтін «хайптың» да үлесі бар. Бұл вирус бұрын-соңды болмаған, біз бар болғаны емдеу модельдерін болжай аламыз немесе құра аламыз. Өздеріңіз көргендей, Қазақстанда емдеу хаттамасы 10 рет өзгерілді. Аталған вирусты емдеу туралы жаңа ақпараттар анықталды.

Газеттердің басты бетінен түспейтін аурулар оқтын-оқтын пайда болып тұрады. Мұнда ақпараттық терроризм де пайда болады – жағымсыз ақпарат көбейгенде адам тұтас айналасынан қорқа бастайды. Өкінішке қарай, коронавирусты және ВИЧ-инфекциясын мойындамайтын диссиденттер бар, олар мұның бәрін Қастандық теориясы деп есептейді. Мұндай адамдарды стационарға әкеліп, хал үстінде жатқан адамдарды көрсеткім келеді. Бұл ешқандай да фейк емес, нақты өзекті мәселе.

-Коронавирусты қалай емдеуге болады? Дәрігер ретінде қандай ұсынымдар берер едіңіз?

- Егер көлігіңіз сынып қалса, оны арнайы жөндеу орталығына апарасыз ғой. Әдетте адамдар көлікті өзі жөндемейді және автослесарьға Гуглдан оқыдым, мына жерін жөндеу керек деп нұсқау айта алмайды. Ал адам денсаулығына келгенде, бәрі данышпан болып шыға келеді. Ол Google қолданады немесе «көршісінің анасы онкологиялық орталықта есепші болып жұмыс істейді, сол біледі» деген аралықтағы кеңестерді қолданады. Емдеу жолдары да өте қарапайым:

- Біз антибиотиктерді барлық вирустық инфекция кезінде қолданбаймыз. Олар вирустарды емдемейді.

- «Иммунитетті көтеретін» заттар жоқ. Кей адамдар сізге иммунитетті көтеру немесе «вирусқа қарсы» нәрсе сатуға тырысқанда, оны қоқысқа тастаңыз. Коронавирусқа қарсы этиотропты терапия (осы вирусқа әсер ететін) әлі жасалған жоқ.

-Ал дәріханаларда көмектесуі мүмкін дәрі-дәрмек сатылып жатыр ғой?

- Әрине. Кез келген дәріханаға барыңыз, нақты бір препараттарды алдыңызға тосады. Мен бренд атауларынан аулақ жүремін, өйткені осындай бір компания мені сотқа бергісі келген. Адамдар иммунитетті көтеруге арналған сиқырлы таблетка бар деп ойлайды. Бірақ иммунитетті көтеру үшін қарапайым салауатты өмір салтын ұстану керек – 6-8 сағат ұйқы, дұрыс тамақтану (ақуыздар, майлар, көмірсулар), жеткілікті физикалық белсенділік қажет. Қарт адамдар көшеде ұзақ уақыт серуендесе жеткілікті, ал жастарға жүгіру қажет. Барлық қарапайым шаралар иммунитеттің кез келген инфекциялармен күресуге дайын етеді. Осыны айтсам, адамдар «Бар болғаны осы ма?» деп сұрайды. Иә, осы. Сиқырлы дәрі ретінде сатылатын нәрсенің бәрі – маркетинг.

- Коронавируспен ауырған адам неше күннен кейін айналасына вирус жұқтыруды тоқтатады?

- Өте жақсы сұрақ. Ауырған адамның бойында антиденелер пайда болады, бірақ олардың қанша уақыт сақталатыны әзірге түсініксіз. Қазіргі зерттеулерге сүйенсек, әзірге антиденелер алты айға дейін жетеді. Содан кейін олардың саны азаяды және қайта жұқтыру жағдайлары болуы мүмкін. Сондықтан коронавирус вакцинасының әсері қанша уақытқа жететіні белгісіз. Вакцина енді ғана ойлап табылды және бұл вирус туралы ілім әлі жинақталған жоқ. Көп адамдар менен «Вакцина алу қажет пе?» деп сұрайды. Жеке өзім әзірге күте тұрар едім. Әрине, мен вакциналауды қолдайтындардың қатарындамын, бірақ қазіргі жағдайда материалдар әлі де жинала түсуі керек. Клиникалық сынақтардан өтуі керек, ал әдетте клиникалық сынақтар үш жылға дейін созылады.

Бұған дейін Рафаиль Қыпшақбаев коронавирустың мутациясы мен кезекті толқынының алдын алу жөнінде сұхбат берген еді.

«Коронавирус жөнінде пікір білдіру өте қиын. Бұл дегеніміз қайыры жоқ, жаңа әрі зерттелмеген іс. Біз қазір тек болжам жасай аламыз. Қолда бар деректерге сүйене отырып, қандай да бір сценарий құруға болады, бірақ ешкім нақты ештеңе айта алмайды. Сондықтан инфекция таралады деген болжам бар. Әзірге ең ықтимал болжам осы», - дейді сарапшы.



Соңғы жаңалықтар