Имидждік жобалардан бас тарттық – Жамбыл облысының әкімі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Біз имидждік жобалардан бас тартып, бар күшті әлеуметтік мәселелерге жұмсап отырмыз. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов осылай мәлім етті, деп хабарайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс орталығы Тараз қаласына қатысты қысқаша тоқталып өтсем. Біз имидждік жобалардан бас тарттық. Бар күшті әлеуметтік мәселелерге жұмсап отырмыз. Бүгінде 1,1 млрд теңгеге 2 көшені қайта жаңғырту, 3,4 млрд теңгеге 118 көшені орташа жөндеуден өткізу, 3,5 млрд теңгеге қаланың барлық ирригация жүйелерін қалпына келтіру, 3,7 млрд теңгеге 7 массивте ауыз су құбырының құрылысы және 2 темір жол өткелін салуға сметалық құжаттар әзірлеу сияқты ауқымды жобалар іске асуда», - деді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, Тараз қаласынан жер телімін алу үшін 114 мыңға жуық адам кезекте тұр. Ал, мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезегінде 21 122 адам есепке алынған.

«Осы өзекті әлеуметтік мәселені шешу мақсатында қаланың бас жоспарына өзгеріс енгізіп, инфрақұрылымды дамыту, көпқабатты тұрғын үй мәселелерін шешу үшін қала маңындағы 2 ауданның аумағы 11 755 гектар жерді құрайтын 14 елді мекенін қосу арқылы қаланы 2 ауданға бөлу туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда тиісті құжаттарды рәсімдеу басталып кетті.Бұл бағыттағы барлық қабылданатын шешімдер бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың пікірін ескере отырып қабылданатын болады», - деп түйіндеді Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов.


Соңғы жаңалықтар