Имидждік сипаттағы жобаларды қысқарту керек - Cенат төрағасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бюджетті ысырап етуге жол берілмеуі тиіс. Бұл туралы «Теңдестірілген және ашық бюджет - елдің табысты және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының кепілі» атты парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Басты екпін бюджет шығыстарының тиімділігін арттыруға негізделуі тиіс. Бюджет шығыстарына қатысты қадам тыңғылықты пысықталып, қаржы ең қажетті салаларға бағытталуы керек. Шектен тыс ысырапқа жол берілмеуі қажет», - деп тоқталды Қ. Тоқаев.

Осы орайда ол имидждік сипаттағы шығыны көп жобаларға бөлінетін қаржыны айтарлықтай қысқарту керектігін немесе оларды доғару дұрыс екенін атап өтті.

Сенат төрағасының сөзіне қарағанда, ең алдымен кірістер мен шығыстар бойынша бюджет параметрлерінің теңдестірілуіне мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы жағдайы байланысты болып отыр. Соңғы жылдары кіріс бөлігінің өсімімен салыстырғанда, бюджеттің шығыстар бөлігінің артуы байқалуда.

«Мемлекетіміздің салық саясаты қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге жауап беруі тиіс, осы ретте іскерлік белсенділікті ынталандырып, кірістерді арттыруға ықпал етіп, шағын және орта бизнеске қолдау жасауы керек. Сонымен қатар тиімділігі төмен салық жеңілдіктері қайта қаралуы қажет. Біз бюджеттің кіріс бөлігін арттыру тұрғысында квазимемлекеттік сектордан елеулі серпінді талап етуге құқылымыз», - деді Сенат спикері.

Соңғы жаңалықтар