Имантау-Шалқар курорттық аумағы: қалай жетуге болады, демалыс құны қанша

None
Фото: СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстанның жауһары атанған Имантау-Шалқар курорттық аймағы демалушыларды қарсы алуға әзір. Қарағайлы-қайыңды орманмен көмкерілген айдын көлдер маңында 42 туризм нысаны орналасқан. Ал белсенді демалысты ұнататындар бұл аймақта жетіп артылатын тарихи-мәдени және табиғи нысандарды аралай алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Демалыс аймағының ерекшелігі

Қызылжар өңірінің мақтанышы, әсем табиғаты Үкілі Ыбырай, Ақан, Біржан секілді сал-серілердің ән-жырына арқау болған Имантау-Шалқар аймағы Айыртау ауданында орналасқан. Бұл жердің 60% орманды алқап алып жатыр. Мұндағы Имантау мен Саумалкөл айдындарының суы тұщы болса, Шалқар көлі өзінің суымен әйгілі. Тұзды, минералды болып келетін суының құрамы Қара теңіздікімен пара-пар. Оңтүстік жағалауы шипалы балшықтан тұрады. Сондықтан бұл көлге демалумен қатар ем алу үшін келетіндер де жетерлік.

СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, былтыр бұл демалыс аймағында 62,5 мың адам демалған. Соңғы жылдары саяхатшылар қатары артып келеді. Оған бір себеп - Щучье-Бурабай курорттық аймағына ұқсастығына қарамастан, Имантау-Шалқар курорттық аймағы табиғаты таза және демалушылар аз.

Шалқар, Имантау көлдерінің маңында маусымнан тамызға дейінгі кезеңде өте жақсы демалуға болады.

Қалай жетуге болады?

Туризмді дамыту және лицензиялау бөлімінің мәліметінше, Имантау-Шалқар курорттық аймағына Петропавлдан күнделікті «Петропавл-Имантау» маршруттық автобусымен жетуге болады, билет құны 2200 теңге, сағат 7.00-7.20-да жөнелтіледі. Ал Имантау ауылына сағат 9.00-9.20-да келеді.

«Қарағанды-Қостанай» электр пойызы күнделікті Саумалкөл станциясына сағат 23.00-де келеді, плацкартқа билет бағасы 3899 теңге. Ал ертесіне осы пойыз Саумалкөл станциясына сағат 8.20-да келеді.

«Павлодар-Преснегорьковская» электр пойызы Саумалкөл станциясынан жұп күндері сағат 16.15-те жөнелтіледі, плацкартқа билет бағасы 4072 теңге. Преснегорьковская электр пойызы тақ күндері Саумалкөл станциясына сағат 04.57-де келеді, плацкартқа билет бағасы 4072 теңге.

Жазғы кезеңде «Астана-Саумалкөл» электр пойызы жүреді.

«Ақтау-Көкшетау» авиарейсі бар, билет бағасы ұшуды брондау күніне және ұшақта отыру класына байланысты. Көкшетау қаласына ұшып келу уақыты сағат 13.00-де.

«Шымкент-Көкшетау» авиарейсі бар, мұнда да билет бағасы ұшуды брондау күніне және ұшаққа отыру класына байланысты, Көкшетау қаласына сағат 19.00-де қонады.

«Алматы-Көкшетау» авиарейсі сағат 11.55-те Көкшетауға ұшып келеді.

Сондай-ақ, Айыртау ауданына әдетте вокзал маңындағы автотұрақта тұратын рейстік автобустармен немесе таксимен жетуге болады. Мұндай сапардың құны Көкшетау қаласынан 3000 теңге, Петропавлдан 4000 теңгені құрайды.

Демалыс аймақтарына жету үшін Саумалкөл ауылының такси қызметтерін пайдалануға болады. Жол жүрудің орташа құны баратын жеріне байланысты шамамен 2500 теңге.

Айыртау ауданында қандай қызықты нысандар бар?

Айыртау ауданы табиғи, тарихи, археологиялық мұраға бай. Мұнда дүниежүзіне танымал «Ботай» қонысы, Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Шоқан Уәлихановтың әжесі - Айғанымның музей-үй-жайы орналасқан. Сондай-ақ осы ауданда еліміздегі ең көне дендропарк орналасқан. Әрқайсысына қысқаша жеке тоқталсақ.

Ежелгі тарихты ұнататындар неолит дәуіріндегі тайпалардың мәдениетімен таныса алады. «Ботай» археологиялық ескерткіші арқылы ғалымдар адамзаттың жылқыны алғаш рет осы өңірде қолға үйреткенін дәлелдеді. Оны еуропалық ғалымдар да растады. Жалпы археологтардың көп жылдық қажырлы еңбегі көптеген ғалымдардың ежелгі әлемнің дамуы туралы түсінігін өзгертті. Ботай қонысында барлығы 60 тұрғын үй зерттелді, 200 мыңнан астам археологиялық зат, 10 тоннадан астам жылқы және басқа жануарлардың сүйегі табылды.

Саяхатшылар Қарасай мен Ағынтай батырлардың тарихи мемориалдық кешеніне ат басын бұра алады. Мәдениет ауылының маңында орналасқан ескерткіш биік төбеде тұр. Шапырашты мен Арғын руынан шыққан қос батыр 200-ден астам шайқасқа қатысып, 48 жыл бойы қазақ хандығын еліміз бен жерімізге көз алартқан басқыншылардан қорғаған екен. Батырларға арналған кесене ерлік, бірлік пен достықтың символына айналды. Шоқының үстіне екі дулыға түрінде қызыл кірпіштен салынған кешен анадайдан менмұндалайды.

Қасында мешіт орналасқан. Күмбездердің айналасында ежелгі жауынгерлердің тағы бірнеше бейіті бар.

Ал аудан орталығынан 40 км қашықтықта орналасқан Сырымбет ауылында көрнекті ғалым, саяхатшы, этнограф Шоқан Уәлихановтың музейі орналасқан. Сондай-ақ мұнда Шоқанның балалық шағы өткен Айғаным қонысын тамашалауға болады. Мұнда келген адам XIX ғасырға түскендей әсер алады, сол уақыттың көңіл-күйін сезінеді.

Айғаным қонысы ХІХ ғасырдың басында орыс патшасының арнайы қаражат бөлуімен тұрғызылған. Қыстақ табиғаты әсем жерде - таудың жиегінде, үлкен көлдің маңында бой көтереді.

Шоқанның қолжазбалары мен заттары осы Айғаным қонысында сақтаулы, қазір мұнда 8 мыңға жуық жәдігер бар. Олардың ішінде ханым қолданған ыдыс-аяқтар, иленген аю терісі, сандықтар, Шоқанның заттары секілді құнды жәдігерлер бар.

Табиғи ескерткіш – 124 жылдық тарихы бар дендробақ та осы Айыртау ауданында орналасқан. Оның негізін Ресейден қоныс аударған полковник Храновский деген кісі қалаған. Қазір мұнда сирек кездесетін ағаштар мен бұталардың 30-дан астам түрі бар. Олардың ішінде балқарағай, шегіршін, май қарағай, барбарис, көгілдір шырша бар.

Курорттық аймақта демалу құны қанша?

Имантау және Шалқар көлдерінің жағалауында маусымдық үлгідегі көптеген демалыс базасы орналасқан. СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, демалыс аймағында 42 туризм нысаны жұмыс істейді. Жыл сайын олардың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, ұсынылатын қызметтер саны кеңейіп келеді.

Демалыс базалары берген ақпаратқа сүйенсек, демалыс аймақтарында бір күнге бір адамға 2,5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін жатын орын табуға болады.

Мәселен, ең бюджеттік нұсқа – «Тұрпан-1,2» демалыс базалары, ол сізге 2,5 мың теңгеге көл жағасында тұру, монша, демалуға арналған беседка және спорт алаңын ұсына алады.

Әрі қарай, «Горняк» демалыс аймағында баға 3 мың теңгеден басталады.

«Қара лагуна» демалыс базасында да 3 мың теңгеге тұруға болады. Мұнда сауна, сауда орны, жазғы кафе, спорт алаңдары мен беседка жұмыс істейді.

«Арман» демалыс аймағында баға 5 мың теңгеден басталады. Мұнда демалушылар моншаға түсе алады, батуттар, катамарандар, волейбол алаңы, киіз үй, беседкалар, пирс бар.

Жайлы демалысты ұнататындар үшін «Изумрудное» демалыс орталығы бар: 6 орындық 4 бөлмесі бар 2 қабатты ғимарат, 8 орындық 2 қабатты үй, 4 орындық 3 үй, кафе-қонақ үйі бар.

Үйлер газ плитасымен, тоңазытқыштармен, теледидармен, ыдыс-аяқпен жабдықталған. Демалушылар өздігінен тамақ әзірлей алады. Балқарағай бөшкесі-ванна, 2 монша, гидроскутерлер бар. Қыста аэрошана, шаңғы, коньки тебуге болады.

«Қазығұрт» демалыс аймағы тоңазытқыштармен, шәйнектермен, электр плиталарымен, микротолқынды пештермен, ас үй жиһазымен жабдықталған заманауи қонақ үйлерді ұсынады.



Соңғы жаңалықтар